Ауғанстандағы жағдайды пайдаланып, кейбір пысықайлар әжептәуір ақша тауып жатқанға ұқсайды. Нақты айтар болсақ, қазақ жеріне қарап жәутеңдеп отырған ауғандық босқындардан "тізімге "қазақ" деп енгізіп береміз" деп біреулер ақша жинап жинауға көшкен. Қызметтің құны да аз емес - бақандай 1000 АҚШ доллары, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Бұл туралы Дания елінде тұратын Қажи Аюби есімді отандасымыз хабарлаған. Оның айтуынша, елшілікте қазақтар үшін көптеген кедергілер бар.
«Қазақ болып тізімге алынудың бағасы 1000$» дейді бір ауғанстандық қазақ. Егер бұл шын болса басқа ұлттар да Қазақ ретінде Қазақстанға келеді деген сөз және ақшасы жоқ Қазақ бауырлар Ауғанстан да қалып кетеді.
Елшілікте қазақтар үшін кедергілер де көп дейді.
Бұл жай сөз болмауы керек, баяғыда да "Қазақ" деген куәлікті елшілікте сатып жатыр деген сөз болған еді.
Егер виза проблемаларым шешілмесе, видео жасап бәрін айтамын дейді», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Сонымен қатар ол тағы бір жазбасында елшілік қызметкерлерінің Ауғанстанда тұратын қазақтардан "сотталмады!" деген құжат талап етіп жатқанын айтқан. Ал ол құжатты алу мүмкін емес. Қазір Ауғанстанда мемлекеттік мекемелердің ешқайсысы да жұмыс істемейді.