31.08.2021, 17:40

«Мәңгілік маңызды күн!»: Тоқаев Қырғызстан президентін құттықтады

Президент Садыр Жапаровтың жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс, бауырлас қырғыз халқына өркендеу мен өрлеу тіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты жеделхат жолдады.

Президент қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан қырғыз халқын айтулы датамен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

"Бұл – егемен Қырғызстан тарихындағы ұлттың бірлігін, тұрақтылығын, жасампаздық рухын бейнелейтін, мемлекеттілікті одан әрі нығайту, Қырғыз елінің ұзақ мерзімді және тұрақты дамуы үшін мәңгілік маңызды күн", – делінген жеделхатта.

Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының дамуын жоғары бағалады.

"Тарихы терең бауырлас халықтардың ортақ мүдделері мен ғасырлар бойғы достығы және татукөршілік дәстүрін сақтай отырып, Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен-ақ қазақ пен қырғыз иық тіресіп, өзара жетістіктерге шынайы қуанып, бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп келеді. Күш-жігерімізді жұмылдырып, көп қырлы ынтымақтастығымыздың тұрақты дамуына тың серпін бере алатынымызға сенімдімін. Бұл қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы үшін жаңа көкжиектерге жол ашады", – деп жазды мемлекет басшысы.

Президент Садыр Жапаровтың жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс, бауырлас қырғыз халқына өркендеу мен өрлеу тіледі.

Еске салсақ, 1991 жылы 31 тамызда Қырғыз КСР Жоғарғы кеңесінің (Жогорку Кенеш) кезектен тыс сессиясында "Қырғызстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларация" жайлы қаулы қабылданды. Құжатқа сәйкес, ел тәуелсіз, егемен, демократиялық мемлекет болып жарияланды. Тәуелсіздік күні қырғызстандықтар демалады.