Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы кезекті Жолдауын жария етті. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыпты арқау еткен Жолдауы бас-аяғы 1 сағат 07 минутқа созылды. Оның 29 минут 6 секунды қазақша, ал қалған 42 минут 15 секунды ресми тілде жалғасты.
Көптеген сарапшылар бұл Жолдаудың бұрынғыларынан өзгеше болғанын айтып жатыр. Оларға сенсек, аталмыш құжатта денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған нақты бастамалар көрсетілген.
Әсіресе Президенттің елдегі ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін, яғни 30 пайызға дейін көтеру туралы бастамасын қоғам өте жылы қабылдаған.
«Елімізде ең төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері көбейген жоқ. Дағдарыс халықтың табысына кері әсерін тигізді. Ең төменгі жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінен біршама артта келеді. Сондықтан 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдаймын. Аталған бастама 1 миллионнан астам адамды қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында.
Сондай-ақ Президенттің Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасы әзірленетінін атап өтті. «Бұл үрдісті қолдау үшін жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының бір бөлігін болашақта баспана сатып алу үшін «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Бұл ақша жинау дағдысын қалыптастырып, қаражатты сауатты басқаруға мүмкіндік береді», – дейді мемлекет басшысы.
Енді осы Жолдауда сөз етілген мәселердің біразына тоқталсақ:
Президент өз Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығынан бастады.
"Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз, Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір Ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда", – деді Президент.
Сонымен қатар ол келесі кезекте қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру тұрғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама көтеріліп отыр.
Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 млн. адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді.
Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.
Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді.
Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.
Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет екенін атап өтті.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл жолдау стратегиялық құжат іспеттес дүние.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы – Қазақстанымыздың тұрақтылығын сақтай отырып, одан әрі дамытуға арналған Стратегиялық құжат.
Себебі Жолдауда саяси, әлеуметтік, экономикалық өсіп-өркендеудің нақты жолдары, нақты қадамдары көрсетілді.
Оның ішінде, әсіресе, агроөнеркәсіп, денсаулық, білім, аймақтар дамуы және басқа да бағыттарды нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ал біздің депутаттық корпустың ендігі басты мақсаты – осы барлық бастаманы сапалы заңдармен қамтамасыз ету", - дейді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін еске салды.
"Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз", – дейді Президент.
Президенттің көмекшісі Ерлан Кариннің айтуынша, Жолдауда айтылған бастамалардың барлығы да стратегиялық маңызы зор, жүзеге асыру үшін мемлекеттік аппарат пен қоғам бірлесе жұмылуы қажет екенін салмақты дүниелер. Әрі бұл қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Мемлекет басшысы бұл жолы да осыған дейінгі Жолдауында қозғалған саяси реформаларға басымдық берді. Нақты айтқанда, ол Қазақстанның саяси реформасының 4-нші пакетін ұсынып отыр.
Атап айтқанда, депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастарға берілетін 30 пайыздық квотаны міндетті түрде ұстану туралы норманы заң жүзінде бекіту міндеті қойылды. Бұл норма бұрын тек партиялық тізімге ғана қатысты еді. Енді аталған квота депутаттық мандатты бөлу кезінде де сақталатын болады.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы партиялардың сайлау тізімінде квота берілетін азаматтардың санатын кеңейтуді ұсынды. Квотаға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да қосу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Президент ауылдық жердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеуді, әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси рөлін барынша қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Адам құқығын қорғау мәселелерін де Президент жеке басымдық ретінде бөлек атап өтті. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысында қылмыстық процесті одан әрі жетілдіруге, полицияның сервистік моделінің ауқымын кеңейтуге, құқық қорғаушылардың құқығын қорғауға, балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге, синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қоюға баса назар аударуы керек.
Президент өзінің Жолдауында айтқан барлық бастаманы және стратегиялық міндетті жүзеге асыру үшін мемлекеттік аппарат пен қоғам бірлесе жұмылуы қажет екенін атап өтті. Сондықтан қоғамдық диалог барлық деңгейде өрбитін болады", - дейді Ерлан Карин.
Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент жолдауында әлеуметтік мәселелерге үлкен басымдық бергенін айтады.
"Мемлекет басшысы соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейіп бара жатқанына назар аударды. Соған байланысты бюджеттік тәртіпті сақтау қажеттігін айтты. Бұл мәселе Сенат отырыстарында бюджетті қарау кезінде бірнеше рет көтерілген еді. Одан бөлек, ел Президенті Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекет қаржысын басқаруды реттейтін бөлек Тұжырымдама әзірлеуді тапсырды.
Жолдауда әлеуметтік проблемаларға айрықша басымдық берілген. Оған індеттің халықтың табысы мен әлеуметтік ахуалына айтарлықтай зардабын тигізуі себеп екені сөзсіз", - дейді Мәулен Әшімбаев.
Мәжіліс депутаты Ақылбек Күрішбаев:
Ауыл шаруашылығының әлсіз тұстары дәл анықталған. Биылғы жылы Үкімет фермерлердің онсыз да аз табысын тыйым салу шараларымен төмендетпеуі өте маңызды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығын дамытумен, фермерлердің кірістерін арттырумен айналысуы керек, керісінше емес! Сондықтан Президент азық-түлік тауарларының бағасын бақылау бойынша мемлекеттік органдардың жауапкершілігін ажырату керектігін дұрыс айтты.
Сондай-ақ еліміз үшін стратегиялық маңызды шешім – биологиялық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық жүйе құруды да айтып өтті. Короновирус пандемиясы бұл мәселе бойынша алдын ала іспен қамдану керек екенін дәлелдеді.
Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды ендіру арқылы су проблемаларын шешу қажеттігіне баса назар аударды. 2025 жылға қарай еліміздің барлық халқы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетіні маңызды.
Менің ойымша, қоғам Президенттің елдегі ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін, яғни 30%-ға дейін көтеру туралы бастамасын жақсы қабылдады. Бұл біздің миллиондаған азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының маңызды шешімі.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Коронавирус індетін, оның қаупін аман-есен еңсеру, барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақысын өсіру, шағын және орта бизнесті қолдау, саяси реформаларды жалғастыру, жастарды ынталандыру, басқа да кезек күттірмейтін шаруалар қолға алынбақ.
Ерекше атап өтерлігі – сөз болған әрбір міндет жалпылама уәде емес, нақты сандармен, қабылдануға тиіс заңдық актімен толықтырылғаны. Олай болса, олардың іске асуын қоғам өзі бақылай алады.
Орныға бастаған осы тәжірибе қазірдің өзінде оң нәтижелерін беріп отыр. Мәселен, өткен жылғы Жолдауда берілген тапсырмалар жемісін бүгінде көптеген азаматымыз сезініп үлгерді. Олардың ішінде жалақысы 25-50 пайызға өскен ұстаздар мен дәрігерлер, зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалану арқылы бір миллионнан астам отандасымыз тұрғын үй жағдайын жақсартып алғаны, партияға кірмей-ақ жеке тұлғалардың сайлауға түсуі сияқты игі істер аз емес.
Десе де биылғы Жолдау тек ағымдағы мәселелерді шешу ғана емес, сондай-ақ болашаққа қарай бой түзеген істердің жоспары болып саналады. Бұл бағытта да талай батыл да заманның талабына сай міндеттер қойылды.
Солардың ішінде өзіме ерекше ұнаған үшеуін ғана атап өткім келеді. Біріншісі, 2025 жылға қарай жаңадан 1000 мектеп ашу. Екіншісі, бәсекеге қабілетті IT саласының 100 мың маманын даярлау. Үшіншісі, Қазақстанның 10 ірі қаласын, Алматыны қосқанда, экологияға зиянды көмірден газ бен жасыл қуат көздеріне аудару.