$ 494.87  520.65  4.91

Нұрлан Ноғаев: Керек болса кадрларды қозғаймын, бірақ топырлатып ауыстырмаймын...(ВИДЕО)

Маңғыстау облысының әкімі Н. Ноғаев Әбіш Кекілбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде ардагерлермен кездескен кезінде кадр ауыстыру мәселесін қозғады.

Апта бұрын Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалған Нұрлан Ноғаев ардагерлермен кездескен жиында басшылық кадрлық ауыс-түйске  қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Malim.kz. 

«Бар адамдармен жұмыс істеймін. Мен олардан үйренемін, олар менен үйренсін. Бір-бірімізге көмектесіп, қызмет атқарайық. Егер білмесе, үйретейік»,- деді Ноғаев.

Бұған дейін екі облыс, бір министрлікті басқарған Нұрлан Ноғаев алда кадрлық ауыс-түйіс болу мүмкіндігін де ашық аңғартып қалды. 

«Талай маңғыстаулық азамат басқа өңірлерде жұмыс істеп жүр. Оларды ешкім шеттетіп жатқан жоқ. Азамат өсірген, ата көрген жұртпыз. Ешкімді қақпайламай, қайта олардың келіп, араласып, дәстүрін, әдет-ғұрпын білсе, бұл жердің жігіттері басқа жерде жұмыс істесе, одан не зиян бар? Сондықтан ешкімді қозғамаймын деп уәде бере алмаймын. Талапқа сай келмесе, онда қозғаймын. Бірақ топырлатып ауыстырмаймын»,- деді ол.

Топырлатып қозғамаймын дегеннен шығады, бұған дейін Маңғыстау облысында әкім болған шенеуніктердің дені өз командасымен келіп, олардың бұл әрекетіне халық тарапынан азды-көпті назарылық та туындайтын. Кейін Серікбай Тұрымов облыс әкімі болған тұста (2019-2021ж) басшылыққа жергілікті кадрлар жайғасқан болатын.  

«Қандай да бір мемлекеттік қызметкерді (саяси қызметкерден басқа) бір лауазымға үміткер болуы үшін конкурс өтеді. Оның өз талаптары бар. Егер сол талапқа сай келсе, онда конкурстан өтеді. Маңғыстауда тек маңғыстаулықтар, Атырауда тек атыраулықтар жұмыс істесін дегенге қарсымын»,- дейді Н.Ноғаев.

Демек, жақын күндері Ноғаевтың командасының алды Маңғыстауға келе бастауы мүмкін. Оның «топырлатып ауыстырмаймын» дегені осыны меңзегендей.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары