Ұлттық банк тағы да базалық мөлшерлемені көтеріп жіберді
Осыған дейін шілде айында ғана көтеріп еді, енді міне тағы көтеріп жатыр. Біздің билік инфляцияға қатысты қандай да бір түсініксіз жағдай туындаса болды Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін көтеріп жібереді. Бұл нені білдіреді? Кредиттер қымбаттайды, инвестициялар қысқарады, өндіріс қысқарады, жұмыс орындары азаяды.
Бұл кімге пайдалы? Бірінші кезекте банктерге. Кредиттер қымбаттайды. Енді Ұлттық банктің овернайт және басқа құралдары қымбаттай түседі де квазимемлекеттік ақшаны тегін пайдалану одан сайын тегін бола түседі. Түнде квазимемлекеттік сектор депозиттерін Ұлттық банкке салдың да, таңертең 8 емес, 9,5 пайызбен алып шығасың. Ешқандай тәуекел жоқ, жалпы ештеңе істеп керегі жоқ. Егер осындай тегін табыс тауып тұрсаң, клиент іздеп, оларды көбейтіп қажеті не?!
Билік инфляцияны бос ақшаны азайтумен құрықтаймыз деп ойлайды. Бірақ инфляция тек бос ақшаның көптігінен туындамайды, ол бірінші кезекте экономикада дайын тауарлар мен қызметтердің болмауынан пайда болады.
Ал, өндірісті ұлғайту үшін не істеу керек? Бірінші кезекте тәуелсіз әрі күшті сот жүйесі керек, сонда ғана инвесторлар инвестиция құяды, өндіріс көлемі артып, жұмыс орындары көбейеді. Бізге «қызыл» мемлекет, Заңның үстемдігі керек!
Бірақ билеуші тап Заңмен жүргісі келмейді, олар «түсінікпен» өмір сүруді қалайды. Заң ол қарапайым адамдарға, ал оларға – түсінік жүреді. Мен сені танимын, сен мені танисың деген сияқты. Сондықтан да бізде ірі сауда-саттықтар заңдық үрдістерді айналып өтіп, түсініктер бойынша жүреді.
Ал, заңды сақтағысы келмейтіндерді кім дейміз? Олар – бандиттер. Заң сақталмай жасалатын бандиттердің келісімі. Біз осылай заңды сақтамай жүре берсек, соттар тәуелсіз болмаса, бізде жоғары инфляция қала береді. Кедейлер кедейлене береді, ал байлар байи береді. Құқықтық мемлекет пен халықтың әл-ауқаты бір біріне тікелей байланысты.
Мұхтар Тайжанның facebook парақшасынан