Бүгін «Ақ жол» партиясының депутаты Мақсат Раманқұлов Ресей Сбербанкімен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі жөнінде Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, соңғы жылдары мемлекеттік цифрландыруға құмға құйған судай жоғалғанын айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы өткен жылдары жекелеген министрліктердің, жалпы алғанда цифрлық даму мәселесінің ақпараттық жүйелер жұмысындағы сәтсіздіктерін бірнеше рет сынға алған еді.
Қолданыстағы платформалардың қабілетсіздігі әсіресе өткен жылдың көктемінде пандемия басталған соң денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, салық салу, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген электрондық қызметтердің кемшіліктері айқын болды.
Сол кездің өзінде мемлекеттің жылдар бойы цифрландыруға бөлінген миллиардтаған қаржының тиімсіз пайдаланылуы анықталды.
Мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғалардың жағдайды түзету бойынша жасаған әрекеттері тиісті нәтиже бермеді. Тіпті, платформалардың одан әрі алыстауына, оны азаматтар мен бизнестің пайдалануының күрделенуіне алып келді.
Ал қазіргі заманауи технологиялар мен жаңа әлемдік жағдайларды ескере отырып, Қазақстан үшін мемлекеттік қызметтерді цифрлық дамытуда артта қалу проблемасы жыл өткен сайын өткір болып тұр. Сондықтан барлық мемлекеттік органдардың IT-жүйелерін бірыңғай платформаға келтіру, заманға сай жаңғырту қажеттігі шынымен де жүйелі проблемаға айналды.
Дегенмен, бірқатар мәселелер ашық күйінде қалып отыр.
1) Біріншіден. Аталған келісімді өткен жылдары цифрландыру бағдарламаларына бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын мойындау деп бағалауға бола ма?
Егер солай болса, онда өткен жылдары мемлекеттің нақты қанша қаржысы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға жұмсалды және оның тиімсіз жұмсалғаны үшін жауапкершілік кімнің мойнында?
2) Екіншіден. Осы Келісімді дайындау кезінде отандық немесе ең мықты халықаралық IT-компаниялардың мүмкіндіктері ескерілді ме? Оны дайындау барысы ашықтық пен адал бәсекелестікке қаншалықты сай болды?
3) Үшіншіден. Келісімді іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мүдделері қалай қорғалады? Осыған байланысты бұқаралық баспасөзде жарияланған цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің түсіндірмелері жұртшылықты қанағаттандырмайды, керісінше одан да көп сұрақтар туындатады. Оның себебі серверлерді Қазақстанда орналастыруда ғана емес, оларда сақталатын ақпаратқа бөтен тұлғалардың қолжетімділігін шектеудің технологиялық мүмкіндігі бар ма деген мәселе.
Жиырма бірінші ақпарат ғасырында IT қауіпсіздігі біздің еліміздің Тәуелсіздігінің маңызды факторы деп санаймыз.
Жауаптарды заңда белгіленген мерзімде берулеріңізді сұраймыз, – деп депутаттық сауалда «Ақ жол» фракциясының өкілдері ашық талап қойды.