Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысты жариялаған ақпарат құралдарының кейбірі жауапқа тартылуы мүмкін. Өйткені Жамбыл облысының полиция департаменті «жалған ақпарат тарату» дерегі бойынша тергеуді бастады, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Жамбыл облысының полиция департаменті "жалған ақпарат тарату" дерегі бойынша тергеуді бастаған.
"Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырған жалған ақпаратты тарату" бабы бойынша Жамбыл облысының полициясы тергеу жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу ісі әлі жалғасуда.
Осылайша жалған мәлімет таратты деген желеумен бірнеше журналист жауапқа тартылуы мүмкін. Алайда ол азаматтардың қызмет орны мен аты-жөні әлі нақты айтылмады.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің тағы екі бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Оның бірі – "Басқа адамдарға қатер төндіретін оқ-дәрілермен және жарылғыш заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соқтыру" бабы болса екіншісі – "Басшының немесе шенеуніктің өз қызметіне немқұрайлы қатынасының ауыр зардаптарға әкеліп соғуы" деп аталады.
Естеріңізге сала кетейік, үш апта бұрын Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып 17 адам ажал құшқан. Оқыс оқиға кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен бір әскери қызметкерден әлі күнге хабар жоқ.