17.09.2021, 15:20

«Шетелде 2-3 айлыққа көлік аласың. Ал бізде қырғыз бен армяннан қалған машинаны айдау да арман болды» - қоғам белсендісі

Мына утиль сбор деген бәлені құртып, көлік бағасының түсуіне жағдай жасамаса болмайды.

Қоғам белсендісі әрі қаржы саласының маманы Сәбит Рысбаев еліміздегі шектен шыққан қымбатшылық пен апта сайын өсіп отыратын көлік бағасы туралы мәселе көтеріп пост жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, еліміздегі елде дені дұрыс көлік мінудің өзі арман арман болып барады. Ал жаңасы туралы ойлаудың өзі қиын. 

«Бізде машинаның бағасы Ер Төстік сияқты геометриялық прогреспен өсіп жатыр. Жаңа машина деп айтпай ақ қояйын. Жағдайы дұрыс машина айдау да арман болып қалды. Ескілеу болса да жағдайы дұрыс машина айдау қажеттілік емес, байлықтың бір көрінісі секілді. Автосалондарда машина жоқ. 2-3 айдан соң келеді деп заказ қабылдайды. Келе ме жоқ па құдай білсін. Сырттан машина кіргізбейді. Кіргендердің бағасы қымбат болып кетеді. Жұмыста бір жігіт 82-інші жылғы машина айдап жүр. Мамасы 83-інші жылғы екен. Машинасы мамасынан кәрі. Ретро болып еріккеннен емес, жаңасына қолы жетіспегеннен айдайды», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол Кедендік Одақ деген елдердің ішінде көлік бағасының ең қымбаты бізде екенін айтады.

«Дубайда 5 жыл істеп келген танысым ол жақта 2-3 айлығыңды жинасан машина аласың дейді. Кедендік Одақ деген елдердің ішінде көлік бағасының ең қымбаты бізде. Қырғыздар мен армяндардан қалған машинаны айдау да арман болды. Солтүстік пен батыс жақта көшеде жүрсен Ресейде жүргендей боласың. Ресей жалауымен көліктер толып жүр. Транзит емес. Қазақстандықтар. Көбісінің документтері де дұрыс емес. Мына утиль сбор деген бәлені құртып, көлік бағасының түсуіне жағдай жасамаса болмайды. 

Неге біз көліктің қымбаттауына жол бердік екен. Ескі көліктерді мың жамап айдау адам өміріне де қауіпті. Неше адам ескі көліктің кесірінен ана дүниеге ерте аттанып жатыр…», - деп атап өткен жазба автроры.