2,5 мың адам қол қойған саяси тұтқын Арон Атабекті босату жөніндегі хат президентке жолданды. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады, деп жазады malim.kz.
«Қоғамның президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Арон Атабекті бостандыққа шығару жөніндегі үндеуі жіберілді. Хатқа 2,5 мыңға жуық қол қойылды, 377 репост жасалды. Көп рақмет!», - деп жазды өзінің Facebook парақшасында құқық қорғаушы.
Диссидент ақын Арон Атабекке рақымшылық жасау жөніндегі хатқа қол жинау өткен аптада басталған. Бұған дейін Қазақстан Ұлттық алдын алу тетігі қатысушылары түрмедегі Арон Атабекпен кездесіп, денсаулығының нашар екенін айтқан.
Арон Атабек 2006 жылы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған. Сот оқиға кезінде қайтыс болған полиция өліміне Атабекті кінәлі деп таныған. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп таныған.
Арон Атабектің өзі өзін кінәсізбін деп есептейді. Ол осы уақытқа дейін мерзімінен бұрын босату туралы өтінші жазудан бас тартып келген. Соңғы рет құқық қорғаушылармен кездескенде үш жылдан кейін жазасын өтеу мерзімі аяқталғаннан соң, түрмеде отырған жылдары үшін өтемақы төлетуге шағымданатынын мәлімдеген.