Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек және Балғынбек Имаш бастаған топ әлеуметтік желіні тағы дүрліктіріп жатыр. Бұл жолғы дүрлігу сақалға немесе дінге қатысты емес, тойға қатысты, деп жазады Nege.kz.
Депутат пен бұрынғы министр қатысқан тойды әлеуметтік желіге жар салып жариялаған – Мұхамеджан Тазабек пен Балғынбек Имаш. Той қызып жатқанда Бекболат және Арыстанбек ағаларымен бірге түскен суретін М.Тазабек жарияласа, Балғынбек Имаш Қайрош інісімен түскен суретін салыпты.
«Қазір тойға кім бармай жатыр» деген уәж қисынсыз. Ковид деген бәлекет алқымнан алып тұрса да, жұрт тойға тесіктен кіріп, сол тесіктен қайта шығып жүр. Десе де, бұл тойдың жөні бөлек.
Әлеуметтік желі белсендісі Насима Қорғанбекованың сөзіне сенсек, той иесі ҚР Президенті әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аймақтық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары Жайсаң Ахметов екен. Той елордаға жақын жерде Balqaragay демалыс орнында болған.
Бәсе дейсің, сондай бір дөкей болмаса, депутат немесе бұрынғы министр жәй пенденің тойына бара ма?..
Бұл ұлан-асыр тойда тағы қандай мықтылардың төбе көрсеткені белгісіз, әйтеуір тегін той болмағаны анық. Бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлының тойанасын тәуір беретінін, Қайрат Нұртастың ән айтқаны үшін қыруар ақша алатынын ескерсеңіз, мұның тегін той емес екеніне көзіңіз жете түседі. Және де қарапайым жұртқа қатулы мобильді топтың мұндай мәртебелі тойға ешқашан бас сұқпайтынын да бір ойлап қойыңыз.
Nege.kz тілшісі әлеуметтік желіге тойдан сурет салған аты аталған азаматтарға хабарласты.
«Talim TV» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек мән-жайды білген соң: «Қазір көлігімді бір жерге қойып алайыншы», – деді де, хабар-ошарсыз кетті. Шенеуніктер қаласында «бас тәлімгер» көлігіне әлі орын таппай жүрген шығар деп түйдік. Артынан бес-алты мәрте телефон соқтық, бірақ сол күйі жауап бермеді.
Ал Арыстанбек Мұхамедиұлы біздің журналистерге өкпелі болса керек. Бәлкім, бір нәрсені бүлдіріп алармын деген болар, бірнеше рет қоңырау шалсақ та, тұтқаны алған жоқ.
Бекболат Тілеуханның телефонын әйел адам көтерді. Үш әйелінің бірі ме, әлде көмекшісі ме, ол жағын айыра алмадық. «Ол кісі жоқ», – деген қысқа жауап алдық.
Әдеттегідей тұтқаны көтерген – ақкөңіл ақын Балғынбек Имаш қана.
«Тағы шулатып жүрмеңдерші!»
– Балғынбек, амансыз ба? Nege.kz тілшісі ғой...
– Әәә, сен өткенде шулатқан қыз емессің бе? Иә, айта бер...
– Сіз демалыс күндері тойға барыпсыз. Мұхамеджан Тазабек Арыстанбек Мұхамедиұлымен және Бекболат Тілеуханмен түскен суретін, ал сіз Қайрат Нұртаспен түскен суретіңізді салдыңыз. Кімнің тойында жүрсіздер? Карантин қайда қалды?
– Жоқ, ол бұрынғы той ғой. Екі-үш жыл бұрынғы.
– Бұрынғы тойдың суретін енді салып жатырсыз ба сонда? Қызық екен...
– Иә-иә...
– Неге?
– Архивте жатып қалған суреттер ғой.
– Олай өтірік айтпай-ақ қойыңызшы...
– (Қарқылдап күлді)
– Сіз ғана емес, Мұхамеджан Тазабек те салды ғой. Әлеуметтік желіде жүр суреттеріңіз, талқыланып жатыр... Кімнің тойы болды сонымен? Қанша адам қатысты?
– Жоқ, айтпаймын. Біреудің тойы ғой. 30 адам ба, 40 адам ба болды.
– Тойға неге барасыздар? Вирус әлі өршіп тұр. Карантин талаптарын сіздер қатаң сақтап, жұртқа үлгі көрсетулеріңіз керек қой!
– Тойға рұқсат берді ғой. Бәрі жасап жатыр. 40 па, 60 па адам болды, санағаным жоқ. Көп отырған жоқпын. Жарты сағат отырдым да, кетіп қалдым.
– Президент әкімшілігінде басшылық лауазымда істейтін шенеуніктің тойы екені рас па?
– Білмеймін қайда істейтінін. Адамдармен қайда істейтініне қарап араласпаймыз ғой. Тағы шулатып жүрмеші, әйтеуір.
– Шулату мақсатымыз емес. Өзіңіз көп нәрсені жасырып отырсыз. Сонымен, қандай тойға бардыңыз?
– Қай тойды айтайын?
– Күнде тойға барып жүрсіз бе сонда?
– Күнде барам. Күнде кездесу, күнде той, күнде жиын. Мектепке, колледжге кездесуге барамын. Оның бәрін сала бермеймін ғой.
– Сақтанбайсыз ба?
– Кеше парақшама пост жаздым. Түркияның Анталия қаласына барып, демалып келдім. Ығы-жығы адам. Теңіз жағасында да. Әуежайға келгенде ғана маска тақтық. Ол сонда басқа жерде жүрмейтін вирус па?
Маска режимі деген – ойын. Вирус бұрыннан бар. Тұмау да – вирус. Коронавирус ешқашан жойылмайды. Өмір бақи бізбен болады. Тек адамда оған қарсы иммунитет қалыптасады, болды.
Бұл не керек? Ұлттың қамын ойлайсың ба, дұрыс нәрсе жазсайшы. Журналистер, ұсақталып кеттіңдер ғой әбден. Дұрыс нәрсе жазсаңдаршы, сынаңдар. Ал вирус тоқтамаса, мектептің бәрі неге ашылып жатыр? Балаларға вакцина салғызу үшін! Қазір маскаңа ешкім қарап жатқан жоқ. Ақ па, қара ма, кір ме, бір ай тағып жүрсің бе, бәрібір. Әйтеуір бетіңе бірдеңе тағып жүруің керек. Адамды сондай режимге үйретіп жатыр. Қоя қойыңдар, ертең Алланың алдында жауап бересіңдер!
– Біздің мақсатымыз – елді сақтандыру. Сіздердей танымал адамдар карантин кезінде той тойлап, оны әлеуметтік желіге салып жатса, басқа жұрт не ойлайды?
– Енді болмайтын нәрсені алаулатып-жалаулатып, шулатып жазасыңдар. Аңдымаңдар, сатылмаңдар, өсектемеңдер. Халыққа басқаша ақпарат таратпаңдар. Сондықтан дұрыс нәрсені тарату керек. Алланың алдында сұраласың, періштең жазғырады, не керек сол...
P.S. Балғынбек ақынмен әңгімеміз осылай «достық» рәуіште ақыл айтумен аяқталды. Біз сонда да оған ренжімейміз, қайта рақмет айтамыз. Қайда істейтінін өзі «білмейтін» әлдебір шенеуніктің тойына барғанын ашық мойындап, ағаларын «ұстап бергені» үшін...