Белгілі адвокат Жангелді Сүлейманов Алматыдағы қанды оқиға кезінде қаза тапқан полицейлерді марапаттауға қатысты көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Адвокат Facebook парақшасында полицейлердің көз жұмғаннан кейін марапатталғанына және олардың отбасыларына баспана беруге уәде етілгеніне қайран қалғанын жеткізді.
"Не үшін марапаттап, пәтер берді? Адамдар біреуді немесе бір нәрсені құтқарған батыл әрекеттері үшін марапатталып жатады. Мұнда толық әрекетсіздік пен заңбұзушылық бар. Полицейлер ешкімді құтқарған жоқ. Өздері қаза тапты, басқа адамдар да көз жұмды. Екіншісі жай ғана көмекке келе салған. Яғни ол қызметтік міндетін орындау кезінде емес, бос уақытында мерт болып отыр. Оның тіпті борышкердің үйіне кіруге құқығы жоқ болатын. Құқық қорғаушылардың өздерімен бірге тапаншалары болған. Бірақ қаруларын қолданбады. Демек, олар өз ісінің кәсіби маманы емес, жағдайды дұрыс бағаламаған", – дейді адвокат.
Сондай-ақ ол полицейлер борышкердің жеке басын тексеруге міндетті екенін айтады. Одан кейін барып оның қаруы бар екенін, іздеуде жүргенін білетін еді.
"Үйдің заңды иесі мен мен оның досының іске араласуына мүмкіндік бермеуі керек еді. Олардың жағдайды ушықтырып, қайғылы жағдайға әкеп соқтыратынын білулері керек болатын. Жағдайды елестетіп көріңізші, олар үй иесі мен досын оқиғаға араластырады. Сонда қарыз алушыны үйінен шығару кезіндегі әрекетсіздіктері үшін марапатталып тұр ғой. Бізде үйден шығару – қауіпті операция ма? Онда бәрін, жеке сот орындаушысын, банкті және судьяларды марапаттау керек болады. Неліктен жүздеген мың науқасты COVID-тен құтқарған дәрігерлер марапатталмайды? Неге оларға үй берілмейді? Көптеген дәрігерлер адам өмірін құтқарамын деп көз жұмды. Көбісі денсаулығынан айырылды. Міне, нағыз батырлар солар", – дейді адвокат.
Сонымен қатар, ол тергеу аяқталмастан, істің барлық мән-жайы ашылмастан жатып қаза тапқан полицейлерді марапаттағанына назар аударды.
"Егер полиция заңсыз әрекет еткен болса ше? Марапаттар мен пәтерлерді қайтарып ала ма?", - дейді Жангелді Сүлейманов.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.
21 қыркүйекке қараған түні Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы жаппай кісі өлтіру болған Алматыдағы үйден бір отбасын шығару жағдайында атқарушылық өндіріс екі жеке тұлғаның дауы болып табылатынын мәлімдеген.