Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асқарбек Үйсімбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің өкіліне қазақ тілінде екі сұрақ қойған. Бірақ шенеунік екі сұрақтың біреуіне шала, екіншісіне мүлдем жауап бере алмады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
"ФАТФ (ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) үшін маңызды мәселелердің бірі – виртуалды активтерді пайдалануға байланысты қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін төмендету. Осы заң шеңберінде сіздің ведомство цифрлық активтерді шығаруды, олардың сауда-саттығын ұйымдастыруды, цифрлық активтер айналымы саласындағы басқа да қызметтерді жүзеге асырады. Сонымен қатар осы тұлғалардан хабарламалар қабылдайтын мемлекеттік электронды тізілімін жүргізу бойынша жаңа функциямен толықтырылады. Осыған байланысты министрлік мұндай адамдардың тізімін пысықтады ма? Мемлекеттік тіркеуден, оның ішінде қасақана жалтаратын адамдарға қандай шаралар көзделген", - деді депутат.
Аталған министрлік атынан қатысқан вице-министрі Асқат Оразбек бірінші сұрақ бойынша қолындағы баяндаманы оқып берді. Ал екіншісіне жауап бере алмады. Осы кезде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сұрақты түсінбеген боларсыз деп сұрады.
Екінші сұрақты түсінген жоқсыз. Ол бойынша қолда қағазыңыз жоқ, - деп күлді Нығматулин.
Өз кезегінде Асқат Оразбек қазір қазақша сөйлей бастағанын, Ресейден келген қандаc екенін айтты.
Оған ұялмау керек. Көріп тұрмыз. Қадамыңыз дұрыс, - деді Мәжіліс төрағасы.