12.10.2021, 12:20

«Қытай Қазақстанға «саяси психологиялық» қысым көрсетуге көшті» - қоғам белсендісі

Демек, қазірдің өзінде Қытай Қазақстанның саяси билігіне және экономикасына ықпалын жүргізе алатын абсолютті (басым) жағдайға жетті деген сөз.

Қоғам белсендісі Нұрлыбай Қошаманұлы Қытай экспансиясының күн санап күшейіп келе жатқанын айтып тағы да дабыл қақты. Белсендінің айтуынша, Қытайдың Қазақстанға қатысты жымысқы саясаты тіптен күшейе түскен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қытай қазақстанға «саяси психологиялық» қысым көрсете бастады.

Әдетте шетелдік монополистер азаттық алған елдерде экономикасының ең табысты салаларын - кен шығару, өңдеу өндірісін иеленуге ұмтылады. Сатып алу, пара беру жолымен билік тетіктеріне де мүдделес лоббистерін кіргізіп, көп жеңілдіктерге ие келісім-шарттарға қол жеткізді. Қолдары жеткесін келесі кезекте өз талаптарының одан да зорлап ұсынып, бұл елдерді айтқанына көндіріп, айдағанымен жүргізіп кіріптар ете бастайды. 

Соның бір дәлелі Си Цзин Пин қытайға қарсы митингілер мен пикеттерге қатысушыларды жазалауды, бұқаралық көңіл-күйді басуды сұрапты. Олардың талабы: «Қытай экспансиясына қарсы күштер ауыздықталса ғана Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық жалғасуы» мүмкін екен. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды. Бір сөзбен айтқанда қытай басшылығы елдегі қытай экспансиясына қарсы болып жатқан саяси шерулерге байланысты оларды тоқтататын шешім қабылдауды талап етіп, Қазақстанның үкіметтік органдарына тікелей немесе жанама ықпал етуді көздеген «саяси психологиялық», «экономикалық» қысым жасауға көшті. 

Бізді алаңдататын басты фактор - қытайлық зауыттар мен фабрикалар ғана емес, олар енді біздің ауыл шаруашылығымызға көз тіге бастады. Ендіге жерде қытай қазақстандық агроөндіріске миллиардтап инвестиция салуға, сол арқылы жер телімдеріне ие болуға мүдделі. Қарқынды дамыған елге нан, ет, азық ауадай қажет. Мәселен, бүгінгі күні Орталық Азияда 38 миллион гектар егістік жер болса, оның 74 пайызы, яғни 28 миллионы Қазақстанға тиесілі. Қытайдың басты қызығушылығы – осы жер», - дейді қоғам белсендісі. 

Сонымен қатар ол шекаралық аудандарда қытайлану қаупі артып отырғанын атап өткен.

«Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы шекарадағы қазақ ауылдары әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан тарап, халқы үдере көшуде. Тіпті кей ауылдарда әскерилер халықты күштеп жерін тастап кетуге мәжбүрлеуде. Мұндай жағдайдың орын алып жатқаны туралы ФБ желісінде бейне хабар да болды. Бұл шекаралық аймақты босатып беруді көздеген қазіргі қазақ билігінің «бармақ басты, көз қысты» мақсатты саясаты болуы да әбден мүмкін. Қарапайым қазақтың қорқынышы осы жерге мыңдаған, артынан миллиондаған қытайлық келіп, оны заңдастырып, түбі жекеменшікке алады. Қауіп пе қауіп! Қытайдың адами экспансиясына жасалған Алғы Шарт. 

Демек, қазірдің өзінде Қытай Қазақстанның саяси билігіне және экономикасына ықпалын жүргізе алатын абсолютті (басым) жағдайға жетті деген сөз. Қытай «Бір белдеу-бір жол»" саясаты арқылы соңғы жылдары шекаралық өңірлерге ондаған қалалар салды және оларды ішкі жақтан келген саудагерлер мен қоныс аударушыларға толтырып жатыр. Шекаралық аудандарды қытайландыру саясатының күшеюі мен Шығыс Қазақстан облысымен шектесетін шекара маңындағы өңірлердегі сауда-экономикалық мүмкіндіктердің солардың қолына өтуі алаңдарлық жағдай. Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласы – Қазақстанға жайылудың үлкен буферлік зонасы. 

Айтарым, біздегі «кризис» парақорлыққа батқан биліктің шетелдіктердің алдындағы кіріптарлықтан, ел басқарудағы ішкі дағдарысынан туындап жатыр. Қазіргі қазақ билігі жыртығын жамау үшін түрлі желеулермен жерін үлестіруге дайын. Бүгінде қытайлықтар экономикасы мықты әлеуметтік топқа айналып, біртіндеп мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатына ашықтан-ашық араласа бастады. Бұған шыдап отыра беруге болмайды. Ең маңыздысы – ұлттық қауіпсіздік. Көрші елдердің экономикалық және саяси-стратегиялық саясатына қызмет ететін халықтардың Қазақстандағы қимылдарын қатаң бақылап, мемлекеттік саясатқа әсер етуін тоқтату. Олардың шегаралық салаларда, елге кірігуіне, экономикалық басымдылық алуына, азаматтық алуларына және жергілікті азаматтарымен некеленуіне де қатаң қадағалау орнату керек. 

Қоғамдық пікір, халық, Қазақстан үкіметі Қытайдың экономикалық және геосаяси жымысқы мүдделерiнiң бұдан әрi тереңдеуiне жол бермеуi тиiс. Қытайдың экономикалық АГРЕССИЯСЫ мен АДАМИ ЭКСПАНСИЯСЫНА қарсы саяси шерулерді, пикеттерді бір сәт те тоқтатпауымыз керек. Басталған бұқаралық көңіл-күй бұқаралық әрекетке айналуы тиіс», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.