Қазақстанда байлығы күмәнді шенеуніктерді тексеретін заң әзірленіп жатыр. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Марат Ахметжанов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Биыл Президенттің тапсырмасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Оның ішінде революциялық жаңашылдықтың бірі - байып кеткені күдік келтіретіндерді тексеру. Заң жобасы Парламентке жіберілді. Шығыстардың кірістерден асып кетуі - қаржылық тексеруді немесе тергеуді бастау үшін белгі", - деді Ахметжанов агенттік брифингінде.
Ол 2018 жылы Қазақстан қол қойған шоттар туралы ақпарат алмасу туралы халықаралық келісім шетелдегі активтерді анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Келесі қадам - сол активтерді қайтару. Биыл бізге жемқорлардың көлеңкелі кірістерін шетелдік шоттарға шығарумен күресу үшін тиімді негіз болатын еуропалық конвенцияларға қосылу көмектеседі. Мұндай шаралар мемлекеттік қызметке баю мақсатында келудің алдын алады", - деді Ахметжанов.
Ол Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік барынша қатаңдатылғанын атап өтті.