$ 494.87  520.65  4.91

«Рота командиріне ақша жинайтын»: Өзін атып өлтірген сарбаздың анасы біраз былықтың бетін ашты

Ұлынан айырылған тұрғын аталған әскери бөлімде борышын өтеп жүрген өзге сарбаздардың ата-аналарына перзенттерінен хабар алып отыруын сұрады.
Фото: ЭК
Фото: ЭК

Қарағанды облысы, Теміртау қаласындағы әскери бөлімде өзін-өзі атып өлтірген сарбаз Сержан Оңғаровтың анасы ұлы қастандықпен өлтірілгенін айтады. Оның ойынша әскери бөлімдегілер шындықты жасырып отыр, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

5516 әскери бөлімде өзін-өзі атып өлтірген сарбаздың анасы Гүлжан Қасымбекова ұлы қастандықпен өлтірілді дейді.

"Соңғы рет 20 қазан күні екі рет сөйлестім. Кезекшілігі түнгі сағат 2-ге дейін екен. Бізге Калашников автоматымен өзін атты деп айтты. Оның ішінде отыз оқ болыпты. Бәрі атылған екен. Бесеуі тиген. Тамағының астынан атыпты. Мен түсінбеймін, сонда бес оқ тигенше ол орнынан қозғалмай тұра берген бе? Әскери бөлімдегілер "қалай болғанын білмейміз" деп шығарып салды. Бәленің бәрін біліп отыр олар. Экспертизада белгілі болады екен. Оның әділ өтетініне сенбеймін өз басым. Бұл нағыз қастандық. Ұлымды өлтіріп отыр",-деді сарбаздың анасы.

Ұлынан айырылған тұрғын аталған әскери бөлімде борышын өтеп жүрген өзге сарбаздардың ата-аналарына перзенттерінен хабар алып отыруын сұрады.

Балаларыңыздан хабар алып тұрыңыздар. "Бәрі жақсы" деп айтқандарына сенбеңіздер. Мен өз көзіммен көріп келдім. Көздерінен көрініп тұр. Ештеңені айта алмай, жылап тұр барлығы. Бүгіннен қалмай сөйлесіңіздер ұлдарыңызбен,

-деп атап өтті ол.

Гүлжан Қасымбекова ұлы әскерде жүргенде болған оқиғаның барлығын естелік үшін деп күнделікке жазып жүрген. Оны бірге жүрген өзге сарбаздар да растапты. Алайда әскери бөлімге барғанда ондағылар күнделікті үшті-күйлі жоқ қылыпты.

Білмеймін ғой енді, сондағы былық туралы жазылды ма онда. Бірақ, күнделікті жоқ қылып отыр. Соны тауып берсін маған,

-дейді марқұмның анасы.

Ұлынан айырылған түркістандық тұрғын әскерде сарбаздарға ай сайын мемлекет есебінен берілетін ақша олардың қолдарына тимегенін айтады. Ақшаны рота командирі өз қалтасына басып келген деп отыр.

"Ұлым бір сөйлескенінде ай сайын мемлекеттен 3700 теңге берілетінін айтқан. Бірақ оны қолдарына алмайді екен. Рота командирі ақша қалай түседі, бәрін өз қалтасына жинап алып кетіп жүрген. Тек менің ұлым емес, өзге де сарбаздардың қолына бір тиын да тимеген. Оны ұлым көзі тірісінде айтып отыр. Сол жердегі балалардан сұрасын, ешқайсысы алмадық деп отыр. Тіпті кейбір ата-ана сарбаздарға мемлекеттен ақша берілетінінен хабарсыз. Сержан ұстара, крем секілді ұсақ-түйектеріне бізден ақша алатын. Ұлымыз үшін салып жіберіп жүрдік",-деді Гүлжан Қасымбекова.

Сержан Оңағровтың туыстары ұлдарын әскердегілерге аманат етіп тапсырғандарын айтып отыр.

"Біз сондағылар қарайды, бақылайды деп алаңсыз жүрдік. Аманат етіп тапсырдық. Бүйткен әскері құрысын. Мемлекет біздің балаларды бақылай алмаса, олар осылай өліп жатса, әскерді жауып тастасын! Бұл жағдай біздің мемлекет үшін өте ұят тірлік. Мына жағдайдан кейін қай ата-ана баласын әскерге жібереді? Талай соғыстан да адамдар аман келіп жатты емес пе? Ал бүгінгідей бейбіт заманда ұлымыздың мүрдесін алып отырмыз", — деп ашынды сарбаздың туыстары.

Қайтыс болған жауынгер Сержан Оңғаров Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тұрғыны. Туыстары марқұмды ертең өз туған жерінде жерлейді.

Қатардағы жауынгер өзін-өзі атып өлтіргені туралы бұған дейін жазылған еді.

Марқұм сарбаздың туыстары Сержан Оңғаров суицид жасады дегенге сенбейтіндерін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#сарбаз #анасы