“Тіл майданы” қозғалысының белсендісі Қуат Ахметовтің елден кетуіне Кремль пропагандасы түрткі болған еді. “Қазақстандағы орыстілді аудитория қудалауға ұшырауда” деп дабыл қаққан ресейлік ақпарат құралдары ақыры мақсатына жетіп, тіл жанашыры Грузияны паналауға мәжбүр болған. Орыс тілін қорғауға келгенде бөгде елдің ішкі ісіне тұмсық сұғудан тайынбайтын Кремль Қуаттың “ізбасарларын” іздеуге кіріскен сыңайлы деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресейдің пропаганда құралдары жыл басынан бері Қазақстандағы әлемжелі мен Youtube платформасында жарық көрген мемлекеттік тілге қатысты контентті сұрыптан өткізуде. Соның негізінде “орыс әлеміне” қауіп төндіреді деген желеумен қазақ тілінің қамын күйттеп жүрген белсенділерді “қара тізімге” кіргізуде.
Бұдан бұрын Павлодарда тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі қамауға алынғанын хабарлаған едік. Алайда қазақтілді аудиторияның қарсылығынан кейін полиция Рузаны босатуға мәжбүр болған.
“Оны құрықтау туралы бұйрық Мәскеуден түсті. Кремль Қазақстандағы тіл белсенділерін “орыс әлемінің” шаңырағын шайқалтатын фактор ретінде қабылдайды” деген қауесет тегін болмаса керек.
Путиннің “сыйға тартылған территория” туралы атышулы мәлімдемесінен кейін Дума депутаттары, ресейлік пропаганда құралдары Қазақстанға келгенде қатқыл сөйлейтін болды. Қоғамның қазақыланып жатқаны әліге дейін империялық өлшеммен ойлайтын Кремль үшін саяси ықпалын жоғалтқанның көрінісі.
Сөй деп Dalanews.kz-ке пікір білдірген сарапшылар Кремльдің Қуат Ахметовпен шектеліп қалмасын ескерткен еді. Ресейлік басылымдардың нысанасына іліккен тағы бір белсенді – Әділжан Әбдіғали шетел асудың аз алдында тұрғандай. Пропаганда өтіндегі Қазақстанның ақпарат кеңістігі “тіл жанашырларын” қаралауға бағытталған контентті шекарадан асырмай, келген бетімен кері қайтаруда қауқарсыздық танытып отыр.
Ал Әділжан Әбдіғалиді айыптау, қаралау науқаны Қуат Ахметовті қудалауға ұшыратқан сценарийдің негізінде өрбитін сынды. Мәселен, “Орыс мәдениетінің стратегиялық қоры” Қазақстандағы тіл патрульдерінің саны артып жатқанына алаңдайды. “Солардың бірі – Әділжан Әбдіғали. Оның видео үндеулері орыс аудиториясын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыруда. Ол барлық жерде қазақша сөйлеуді талап етуде. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтін мекемелерді айналып өтіп, олардың тауарын сатып алмауға үндеуде. Оның видеоларын шолып шықсаңыз, русофобияға тұнып тұр”, – дейді қор тілшісі.
Кремльдің тағы бір пропаганда құралы “Росбалт” агенттігі Әбдіғалиді бурят, якут, тува сияқты ұлттардан аулақ ұстау керек деген ұстанымда. “Тіл жанашырын” торуылдап жүрген ресейлік басылымдар Әбдіғалидің түпкі ойы – Ресейді таратып тыну дейді. “Росбалт” тілшісінің мәліметіне қарағанда еліміздегі “Тіл патрулінің” белсендісі ілгерідегі ұлт өкілдерімен тілдескен, оларға тәуелсіздік туралы идеяның дәнегін сепкен.
“Әбдіғали? Ол Ресейдің талан-таражға түскенін қалайды. Қиыр Шығысты Қытай тартып алса, Курил аралы мен Сахалин Жапонияның иелігіне өтсе дейді. Омбы, Томбы, Орынбор, Челябі, Алтай өңірлері Қазақстанға тиесілі екенін, олардың Ресей Федерациясының құрамына қысастықпен қосылғанын, түптің түбі әділдік орнап, атажұртқа қайтарын ашық айтып жүр. Қазақ тілі туралы аргументі тіпті күлкілі. Оның айтуынша, осыдан 10 мың жыл бұрын адамзат баласы қазақша сөйлеген. Қазақ тілі – бағзы тіл.
Ал Кремль Қазақстанмен қабақ шытысқаннан қорқу керек. Оның жанында Украинаның өзі ойнамай қалады. Қазақстанмен бет жыртысқан жағдайда Мәскеудің шаңырағы шайқалып, ортасына түседі.
Ол осының бәрін әлемжеліде еркін жариялауда. Қазақ ұлтшылдары мен Ресей аумағындағы түркітілдес ұйымдар және Қапқаз республикаларын Кремльге қарсы бірігіп күресуге үндеуде”, – дейді тіл жанашырынан қауіп күткен ресейлік басылымдар. Кремль идеологтарынан нақты нұсқау алған ресейлік пропаганда Қазақстан билігі Қуат Ахметов пен Әділжан Әбдіғалидің әрекетін құптап отыр деп санайды. Саяси элита осы арқылы Қазақстандағы орыстілді аудиторияны жер аударуға мәжбүрлеуде.
“Әбдіғалидің тайраңдап жүргені тегін емес. Дәу де болса оның тірегі бар” дейді осы орайда “Орыс мәдениетінің стратегиялық қоры”. Ресейлік сарапшы Максим Вилисов қоғамдағы ұлтшылдықты биліктің өзі қолдап, құптап отырғанына нық сенімді. Қазақстандағы саяси элита Ресейге қарсы иммунитет қалыптастыру үшін ұлтшылдарға иық тіремек.
“Күн өткен сайын орыс тілінің өрісі тарылып барады. Бұл тікелей биліктің қолымен жүзеге асып отыр. Қазақстанда орыссыздандыру процесі әлдеқашан басталып кеткен, қазақыландыруға басымдық берілуде.
Орыс тіліндегі қала, көше атауы жаппай қазақшаға ауысуда. Оны қойып мейрамханадағы мәзір, жолдағы жарнама, қыл аяғы тауардағы бағаға дейін қазақша жазылуы тиіс. Түнеугүні Мәжіліс осы бастаманы бірауыздан қолдап, заң қабылдап жіберді”, – дейді Қазақстандағы орыстілді қауымды мүсәпір күйде көрсетуге тырысқан Вилисов. … Мәскеу Тоқаевтың тұсында билікке келген біраз азаматтан қауіп күтетінін жасырмайды.
Солардың бірі – Берік Әбдіғали. Мәжіліс депутатының мемлекеттік тілге қатысты батыл ұсыныстары Кремль идеологтарының құлағына түрпідей тисе керек.
“Қазақтандыру саясатының бастауында тұрған бірден-бір тұлға осы кісі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының белсенді мүшесі. Оның сөздерінде Ресейге деген ыза, ызғар бар. Ресейді басқыншы, озбыр, астамшыл мемлекет ретінде дәріптегісі келеді. Түркістан легионын ақтау бастамасының басы-қасында жүрген де дәл осы – Берік Әбдіғали.
Қазақстандағы орыстілді аудитория ұлтшылдардың тегеурініне төтеп бере алмауда. Соғыс кезінде немістердің сойылын соққан “нацист” Мұстафа Шоқайды ақтау науқаны солардың қолымен жүзеге асты. Оған ескерткіш қойғаны аздай, қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға ретінде фильм түсіруде. Бұл қалай болғаны?!”, – дейді ресейлік пропаганда.
Кремльге қарасты ақпарат құралдарының назарына іліккен тағы бір тұлға қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров.
“Орыс мәдениетінің стратегиялық қоры” бөгде елдің лауазымды қызметте отырған азаматын ұлтшыл, “орыстандыру саясатын” теріс тұрғыда көрсеткен арандатушы деп ашық айыптайды. Оның бұған дейін “Түркі академиясының” вице-президенті болғанын, Түркі елдерін бір тудың астына біріктіруге атсалысқанын бетіне салық қылады.
Қор тілшісінің тұспалдауынша, ақпарат саласына мұндай тұлғаның келуі Ресеймен арадағы ақпараттық-идеологиялық жұмыстың тұралауына алып келеді. Омаров Мәскеумен ат құйрығын үзісіп, түркі елдерімен арада ақпараттық кеңістік қалыптастыруға тырысады.
“Оның орыстар туралы лас сөйлегенін ұмыта қойған жоқпыз. Қазақстандағы орыстілді аудиторияны диаспораға теңеп, дәрежесін түсіріп тастаған. Қазақстандағы орыстар ешкімнен құқай көрмей, бейбіт өмір сүргені үшін алғыс айтуы керектігін талап еткен”, – дейді “Орыс мәдениетінің стратегиялық қоры”.
Бұған дейін Dalanews.kz Қазақстанның білім саласындағы қазақыландыру реформасын ұнатпаған кей ресейлік басылымдар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қарсы материалдарды лек-легімен жариялап жатқанын хабарлаған.
Кремльдің пропаганда құралдары Аймағамбетовпен дауласып, жауласып жүрген Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің бұрынғы ректоры Анар Қайырбекованың мәлімдемесін алға тартып, оқырманға дереккөз ретінде ұсынған еді. Бірқатар ресейлік БАҚ Анар Қайырбекованың Аймағамбетовті Сорос-Қазақстан қорымен қаржылық жағынан «күмәнді» байланыста деген айыбын мысалға келтіре отырып, министрді “шетел тыңшысы” дегенге дейін барған.