Кеше Парламент Мәжілісінде 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет пен осы кезеңдегі Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларын қарау аясында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шығыстары жұмыс тобында қаралды. Министрлік шығыстарының жобасы туралы баяндаманы вице-министр Біржан Нұрымбетов жасады.
Талқылауды аталмыш заң жобасын жүргізетін жұмыс тобының басшысы Омархан Өксікбаев ашып, жүргізіп отырды. Өзінің сөзінде депутат бюджеттің үштен бірі осы салаға жұмсалатынын атап өтті. Сондықтан да саланың шығыстарына жіті көзбен қарауымыз керек, дей келіп, О.Өксікбаев сөзді баяндамашыға берді. Стратегиялық жоспардың бағыттарын іске асыру үшін 2017 жылға 3 трлн 104 млрд теңге көзделіп отыр, бұл ІЖӨ-нің 6,4 пайызын, ал барлық республикалық бюджет шығысының 36,2 пайызын құрайды. Оның 3 трлн 47 млрд теңгесі ағымдағы бағдарламалар, 57 млрд теңгесі даму бюджеті. 2016 жылмен салыстырғанда, министрліктің шығысы 106 млрд теңгеге немесе 3,5 пайызға артып отыр. Шығыстар денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы бағыттарына бөлінген. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына 2017 жылы 1014 млрд теңге, ал әлеуметтік-еңбек саласы шығыстарына 2090 млрд теңге бөлу көзделіп отыр, деді Біржан Нұрымбетов.
Одан әрі баяндамашының сөзінде денсаулық сақтауға бөлінетін шығыстардың ішінде кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шығыстары 915 млрд теңгені құрап, барлық шығыстың 90 пайызына ие екендігі айтылды.
Қалған бөлігі мамандар даярлау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, құрылыс және т.б. жұмсалады екен. Әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық шығыстың 96 пайызы немесе 1998 млрд теңге түрлі әлеуметтік төлемдерге жұмсалады. Соның ішінде зейнетақы, жәрдемақы және т.б. бар.
2017 жылы зейнетақы мөлшері 9 пайызға арттырылады, деді вице-министр. Осы арттыруды негіздейтін базалық зейнетақының мөлшері 12802 теңгені құрайды. Сөйтіп, базалық зейнетақы мен ынтымақтастық негіздегі зейнетақының қосындысы орта есеппен 60167 теңгеге жетеді. Барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 7 пайызға артады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік даму тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін кезең-кезеңмен қайта қарау көзделіп отыр. Оның азық-түліктік және азық-түліктік емес бөліктерінің қатысы бүгін 60х40 болса, енді 55х45 пайызға өзгертілетін болады.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі де өзгереді. Бүгінгі күні тек зейнет жасына жеткеніне қатысты базалық зейнетақы төленеді. Ол – ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің 50 пайызы. Енді азаматтың жалпы еңбек өтілі 10 жылға дейін болса ғана ол бүгінгідей ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің 50 пайызын алады, ал одан жоғарғы әрбір жыл үшін күнкөріс көрсеткішінің 2 пайызы мөлшерінде зейнетақысына қосылады. Сөйтіп, 35 жылдан артық өтілі бар азаматтар ең төменгі күнкөріс мөлшеріне тең базалық зейнетақы алатын болады, деді вице-министр. Болжаммен бұл жеңілдікті 2 млн-нан астам адам пайдалана алады екен.
Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек те өзгермекші. Бүгінге дейін оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан аспайтын болса, енді 50 пайызға дейін көтеріліпті. Осы кезден бастап жұмыс беруші зейнетақы қорына қосымша 5 пайыз міндетті жарна төлейтін болыпты. Бұл төлем бюджеттік сала қызметкерлеріне де қатысты болғандықтан, оған министрліктен 2018 жылға 76,2 млрд теңге, 2019 жылға 77,2 млрд теңге қарастырылған көрінеді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға 37 млрд теңге, оның ішінде 27 млрд теңге – микрокредит беруге, 10 млрд теңге – жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аударту арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталатын болады, деді вице-министр.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғауға 9 млрд теңге қарастырылыпты. Бұл соманың 70 пайызы Қазақстандағы мүгедектердің құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын арттыру істеріне бағытталады.
Сұрақ беру рәсімі басталғанда бірінші болып депутат Марат Бопазов сөйлеп, онкологиялық науқастарды емдеуге бөлінетін қаражат 2016 жылға 31 млрд, ал 2017 жылға 32 млрд теңге екенін айтты. Бұл аз емес пе, өйткені осы науқаспен ауыратындар саны еселеп артып келе жатыр емес пе, деді ол. Сонымен қатар, ол онкологиялық науқастардың Астанаға келсе 3 айдай кезекке тұратынын айта келіп, оларды емдейтін құралдарды лизинг арқылы әрбір өңірге алуға болмас па, деп сұрады. Үшінші сұрағын ол Алматы облысының Сарқант ауданына салынуы белгіленген аурухананың құрылысына арнады. ЖСҚ (жобалық-сметалық құжат) жасалған бұл құрылыс қаражат бөлінбегендіктен, әлі басталмапты. Егер 2017 жылы тағы да қаражат бөлінбесе, ЖСҚ жасатуға кеткен ақша желге шашылған болады, деді депутат.
Бұған министрліктің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева жауап беріп, нақты ештеңе айта алмай, тек лизингпен алынуға тиісті жабдықтардың сомасы қанша болатынын ғана атап өтті. Ал Сарқант қаласындағы аурухананың құрылысына неге қаражат бөлінбегені туралы айтқанда үстіміздегі жылдың 15 мамырына дейінгі бюджетті құрастыру кезеңінде жергілікті әкімдік ондай тапсырыс берген жоқ деп құтылып кетті. Алайда, ЖСҚ бұрыннан жасалған құрылыс үшін биыл болмаса да, былтыр қаражат сұралғаны неге есепке алынбағаны туралы үндемей қалды.
Жалпы айтқанда, министрлік қызметкерлері жауап беруге жетік дайындалмағаны көрініп тұрды. Мәселен, сол Аида Құрманғалиева министрлік бюджетінің шығыс бөлігіне ЖСҚ жасалған нысандардың құрылысы ғана енгізілетінін айтты. Ал ЖСҚ жасауға қаражат оңайлықпен бөлінбейді екен. ЖСҚ болмаған соң бюджеттің шығыс бөлігі де жасалмайды. Бұл мәселеге жиналыс төрағасы О.Өксікбаев та өзінің наразылығын білдірді.
Бұдан кейін де бірнеше депутат өздерінің өткір сұрақтарын қойды. Қазір жұмыс топтарындағы талқылауларға саяси партиялар мен ҮЕҰ өкілдері де қатысып жүргенін бұрын жазған болатынбыз. Кешегі талқылауда да солай болды. Солардың арасынан «Алматы менеджмент университетінің» президенті Асылбек Қожахметовтің сұрағы көңіл аударарлық болды. Ол ауруханаға барған әрбір адамға әрбір дәрігер аты-жөнің кім, қашан тудың, қайда қызмет істейсің, жасың нешеде, қай жерің ауырады деген сияқты толып жатқан сұрақтарды қайталап қоя береді. Сондықтан дамыған елдердегі сияқты бір-ақ жерде жауап беретін біртекті карточка қолдануға болмай ма, деп сұрады. Оған бұл мәселенің Қазақстанда енгізілуі мүмкін екендігі айтылды. Қазір ол зерттеліп жатқан көрінеді. Сөйтіп, әлеуметтік сала шығыстары алдымен қаралып өтті.
Жақсыбай САМРАТ.