Ұлттық кеңестің әлеуметтік жаңғыру тобы қоғамда болып жатқан өзгерістердің тамырын дәл басып отыр, біз соған орай, елді алаңдатқан біраз мәселелені ұсындық. Соның бірі – қағазбастылық пен баспана мәселесі. Үй кезегінде он жылдап тұрған азаматтар өздерін республикалық базадан таба алмай отыр. Яғни қағазбастылық мәселесі өте қиын болып тұр дейді Ұлттық Кеңес мүшесі, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Уаис Ерсайынұлы.
«Әлеуметтік тұрмысы төмен халықты алаңдататын мәселе- баспана. Қазақстанда баспана кезегінде 500 мыңнан аса адам кезекте тұр. Бұрын үй кезегіне халық жергілікті әкімдіктер арқылы тұратын. 2019 жылдан бастап халық Халыққа қызмет көрсету орындары арқылы кезекке тұра бастады. Енді үй кезегінде он жылдап тұрған азаматтар өздерін республикалық базадан таба алмауда. Олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар.
Осының кесірінен биыл, көптеген отбасылар "Бақытты отбасы" бағдарламасымен ипотека ала алмады. Үй кезегінде тұрған азаматтарға Отбасы банкі 2 пайызбен "Бақытты отбасы" және 5 пайызбен "Шаңырақ" атты ипотека береді. Бұл тиімді бағдарлама. Басты шарты - үй кезегінде тұру міндетті. Алайда Отбасы банкі тек республикалық базада кезекте тұрғандарды ғана көреді, соларға ғана ипотека береді. Осылайша, жергілікті әкімдік арқылы кезекке тұрғандар арзан ипотекамен үй алу мүмкіндігінен қағылды. Ол азаматтардың қолында 10-15 жыл кезекте тұр деген анықтамалар бар, мөр басылған, басшының қолы қойылған. Индустрия министрлігі барлық азаматты кезекке енгізіп үлгерместен, "Бақытты отбасы" бағдарламасын жариялап жіберген", - дейді Мәслихат депутаты.
Ал бұл заңсыз әрекеттердің көбеюіне алып келіп отыр.
"Индустрия министрлігі үй кезегінде тұрғандарды реттеп, жүйелеуі тиіс. Себебі 2019 жылы үй алғандардың өзін базадан биыл ғана шығарды. Яғни екі жыл бойы интеграция жасалмаған. Үй кезегіне халық "арендалық" үй алу үшін ғана емес, арзан пайыздық ипотека алу үшін де тұрады. Халыққа өздері жұмыс істеп, ипотека төлеуге, үй алуына мүмкіндік беру керек. Сондай ақ, үй кезегіне "жалғызбасты" болып тұратын аналарға қойылатын шартты қайта қарау қажет. Үй кезегіне "жалғызбасты" болып тұрған ана тұрмысқа шықса кезектен шығарып жібереді. Үй кезегінен айрылмау үшін, олар екінші рет тұрмысқа шықса да, некесін заңдастырмайды. Осылайша "жалған некелер" қаптауда" ,- дейді ол.
Сондай ақ, "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" беру ережесін де қайта қарау қажет екенін айтады
"Себебі бұл награданы беру үшін жұмысқа қабылдайтындай тексерістен өткізеді екен, сотталмады деген анықтама талап етеді. Пандемия кезінде меморгандар қашықтықтан қызмет көрсетуге көшті. Дегенмен әлі қағазбастылық бар. Халық жұмысқа тұрарда тапсыратын нарко-психодиспансерде тіркеуде тұрған жоқ деген анықтаманы Егов электронды порталынан тегін шығарып алуға болады. Бірақ оны емханалар қабылдамайды. Олар наркопсиходиспансерлер мөр басқан анықтаманы талап етеді. Ол 5 мың теңге тұрады.
Сондай ақ, Еңбек министрлігінде де цифрлық интеграция әлсіз құрылған. Мәселен, көпбалалыларға берілетін тегін жолақы билеттерін жұмыспен қамту бөлімі береді. Олар аналардан "көпбалалы" деген анықтама талап етеді. Жұмыспен қамту бөлімі Еңбек министрлігіне қарайды, олар базадан ол ананың мәртебесін көру керек, құжат сұратпау керек. Өкінішке орай бір министрлікке қарайтын мекемелер өз арасында осылай аналарды жүгіртіп құжат жинатып сабылтып қойған.
Яғни тағы да қағазбастылық орын алып отыр. Сондай ақ, ХҚО "жалғызбасты" деген 04 форма береді. Оны ЗАГС-тер 800 теңгеден сатады, комиссиясы 200 теңге. Осы анықтаманы аналар әр баласына 1000 тегеден сатып алады. 5 баласы болса 5000 теңгеге алады. Мемлекеттік орган анықтаманы неге ақылы қылып қойған? Бұл анықтама арқылы аналар үй кезегіне тұра алады, сол себеппен алады",- дейді Ерсайынұлы.