Жазушы-драматург Дулат Исабеков қазақтардың мақтаншақтығы, жемқорлықтың медицина мен білімге әсері және шетелден мемлекеттің алған қарызы жайлы Нартай Аралбайұлына сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жазушының айтуынша, қазақ "батырлар мен ақындардың ұрпағы" болудан қалып барады. Ауызша мақтанып айтқанымызбен, бабалар бойындағы ұлттық намыс, ержүректілік пен ұлтқа деген адалдық жойылудың аз-ақ алдында. Қаламгер 30 жылдан бері жемқор әрі жағымпаз ұрпақ тәрбиелеп келетінімізді айтады.
"Жемқорлардан құтыла алмаймыз ба деп қорқамын. Өйткені жағымпаздық пен марапатқа ие болу балабақшадан басталып жатқан жоқ па? Әке-шешесі "менің балама жақсы қара" дейді, мектепке барып "баламның бағасын көтер" дейді. Қазір "Алтын медальді" балалар көбейіп кетті. Баланың бойына ерте жастан жұға бастады. Сол бала ертең өседі, оның талап-тілегі де, мұқтаждығы да өседі. Қазір велосипед керек болса, ертең Mercedes, кейін яхта керек болады. Ол ақшаны қайдан табады? Әрине, мемлекеттен жырымдап алады. Шетелдегідей бәтіңкенің бауын немесе қаламсап ойлап тауып, байып, үлкен "Амазондар" сияқты ұлы компанияға айналғандар бар ма? Бай-бағлан, миллионер деп жүргеніміздің бәрі шетелден ұрлап алған адамдар", - деді жазушы.
Исабеков билікте отырған адамдардың ұлттық намысы жоқ екенін мәлімдеді. Биліктің халыққа айтпастан, жерді шетелге сатуын, өзге мемлекеттерден қарыз алуын осының дәлелі ретінде келтірді.
"Сыртқы қарызымыз 180 миллиард болып қалды. Кейін сенің де немерең содан құтылады. Үлкен алып елдерден қарыз алсақ жақсы ғой. Моңғолиядан қарыз алғанымыз әлі сүйегіме батады. Айналайын-ау, өздері әрең күн көріп отырған Моңғолиядан қалай ұялмай алақан жайып, миллиардтаған ақша алдық?! Қайыршыдан ақша сұрап алған сияқты! Неге алдық одан? Өйткені қаржының қоры таусыла бастады", - деп ашынды жазушы.
Қаламгердің пікірінше, билікте отырған адамдар ұлтымыздың болашағын емес, тапқан-таянғанын қалай жұмсайтынын ойлайды. Соның салдарынан, 30 жылда ешбір саланы ауыз толтырып айтатындай дамыта алмадық, деп күйінеді жазушы.
"30 жылдан бері не медицина саласында дәрігерлерді жақсы дайындай алмадық. Неге біз Кореяға барып емделеміз? 30 жыл бойы мақтанумен келе жатырмыз. Бір шұлық комбинатын салған жоқпыз. Бұл не деген масқара? Қырғыздарды қараңыздаршы. Базардың бәрі қырғыздікі дейді. Құдалық, қыздардың жасауы, киім-кешек дейді, біздің дәстүріміздің бәрін біліп алған. Әнеугүні үйге ыдыстар алып келіпті, қарасам Өзбекстаннан. Неге біз тым болмаса шаңышқы шығармадық? Шығара қалсақ, бағасы аспандап, қол жетпейді.
Немерелеріме жеміс алайын деп кейде дүкенге кіремін. Сонау Африкадан келетін бананның бағасы келісіне 600 теңге, біздің Қапшағайдан шығатын қызанақтың келісі - 1500 теңге. Бұл не? Біздікі пайда табу үшін бағасын көтере бере ме?" - дейді Дулат Исабеков.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.