$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мемлекеттік наградалар тапсырылды

Салтанатты шара барысында Мәулен Әшімбаев пен Бақытжан Сағынтаев Президенттің атынан ел мен қаланың дамуына ерекше үлес қосқан алматылықтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Республика сарайында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты салтанатты шара өтті. Бұл күні мемлекеттік наградалар қоғам қайраткерлеріне, желтоқсан ұйымдарының басшыларына, мемлекеттік қызметшілерге, ғылым мен өнер қайраткерлеріне тапсырылды, деп хабарлайды Skifnews порталы. 

Тәуелсіздік күні еліміздің, қаланың және әрбір алматылықтың барлық жетістіктері мен табыстарын қамтиды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің құттықтау сөзінде айтты. Ресми бөлімді ашқан Алматы әкімі тарихи тұрғыдан Тәуелсіздіктің бесігіне айналған мегаполистің ерекше рөлін атап өтті. Дәл осы жерде 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының егемендігі ресми түрде жарияланды, мұнда тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы құжаттар қабылданды.

 

«Алматыда ел үшін маңызды шешімдер қабылданды, Конституция, мемлекеттік рәміздер қабылданды, Қарулы Күштер құрылды, ұлттық валюта енгізілді. Тұңғыш Президент сайлауының жалпыхалықтық нәтижелері де Алматыда жарияланды. 1998 жылы Тұңғыш Президент «Алматының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды», - деді Бақытжан Сағынтаев және Елбасының « Алматыны Тәуелсіздіктің алтын бесігі» дегенін атап өтті.

«Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол қайғылы оқиғалардан кейін тура бес жыл өткен соң Тәуелсіздік жарияланғанын айтты. Біз Желтоқсан батырларының қаһармандығы мен ерлігін лайықты бағалап, жан-жақты дәріптеуіміз керек. Олар осы еркіндіктің алғашқы қарлығаштары, желтоқсанның кейіпкерлері. Ал Елбасы өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында осыдан 30 жыл бұрын халқымыз бостандық пайдасына таңдау жасағанын айтқан болатын», - деп еске салды Б. Сағынтаев.

 

Қала әкімі алматылықтардың, әсіресе аға буынның мегаполисті дамытуға қосқан үлесін атап өтті. 

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы – біздің әрқайсымыз үшін маңызды оқиға. Осы жылдар ішінде ұлттық рух нығайды, ұрпақтар сабақтастығы дамыды, қазіргі тарих пайда болды. Бүгін біз «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім идеясын ұстана отырып, мемлекет құрып жатырмыз. Біз Тәуелсіздікті армандаған ата-бабаларымыз салған жолмен келеміз», - деді Бақытжан Сағынтаев әрі еліміздің Тәуелсіздігін қалыптастыруға қатысқан қала тұрғындарының ерен еңбектеріне алғысын білдірді.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Қала тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде ол Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында өзінің мемлекеттілігін қалыптастырғанын және мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеуді жүргізгенін айтты. Сенат Төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында еліміз халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және ықпалды мүшесіне айналғанын, жаңа астана салынғанын, еліміздің өңірлері де қарқынды дамығанын атап өтті.

 

«Тәуелсіздік жылдарында Алматы дамуға айтарлықтай серпін алды. Бүгінде бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл постсоветтік кеңістіктің ең серпінді дамып келе жатқан және экономикалық қуатты қалаларының бірі. Еліміздегі әрбір бесінші кәсіпкер Алматыда жұмыс істейді», - деді Мәулен Әшімбаев.

Спикердің айтуынша, Алматыда сапалы адами капитал шоғырланған.

«Мұнда болашақ экономикасының «жаңғырту өзегі»: креативті тап пен белсенді азаматтық қоғам қалыптасты. Мегаполиске еліміздің әр өңірінен таланттар ағылып келіп жатыр. Алматы – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестициялар бойынша көшбасшы. Мемлекет басшысы атап өткендей, Алматының креативті экономиканы дамыту жөніндегі тәжірибесін бүкіл елге тарату қажет», - деді Мәулен Әшімбаев.

Салтанатты шара барысында Мәулен Әшімбаев пен Бақытжан Сағынтаев Президенттің атынан ел мен қаланың дамуына ерекше үлес қосқан алматылықтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды, Еңбек ардагері Қ. Байкеновке, Алматы қаласы бойынша СЭБД басшысы Ж. Бекшинге «Парасат» ордені, І дәрежелі «Достық» ордені «КИМЭП» университетінің ректоры Ч.Й. Бэнгке тапсырылды. Мемлекеттік наградалармен ғылым мен білім, мәдениет және денсаулық сақтау қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер мен қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін құрылыс компаниялары мен ұйымдарының қызметкерлері марапатталды.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары