$ 494.87  520.65  4.91

«Тоқаевтың партия төрағалығына келуі оның мемлекеттік саясаттағы ықпалы пен билігі күшейе түскенін көрсетеді» - сарапшы

Нұрсұлтан Әбішұлы өзі айтқан сөзінде тұрып, барлық өкілеттігін біртіндеп қазіргі президентке беріп жатыр.

Тарих қойнауына кетіп бара жатқан сиыр жылының ең басты саяси жаңалығының бірі – Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Нұр Отан» партиясының төрағалығын сеніп тапсыруы болып отыр. Назарбаев кезекті шешімі арқылы өзінің көрегендігі мен алысты болжайтын дана тұлға екенін тағы бір дәлелдеп берді деуге болады. Яғни бұл оқиға тарих бетінде елдің тұтастығын сақтауға және мемлекетті дамытуға мүмкіндік беретін тарихи шешім болып қалары сөзсіз. Сарапшылардың айтуынша, ел тарихындағы елеулі бұл оқиға Президент Тоқаевқа үлкен сенім артылғанын білдірсе керек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Тоқаевтың мемлекеттік саясаттағы ықпалы пен билігі күшейе түсті деген сөз

Мәселен белгілі саясаткер Данияр Әшімбаев бұл қадам Тоқаевтың өз бетімен шешім қабылдауға қабілетті екенін әрі мемлекетті дұрыс бағытқа бастай алатын бірден-бір тұлға екенін дәлелдеп берді. Яғни Елбасы Тоқаевқа толық сенім білдіріп отыр. «Назарбаевтың партияның тізгінін Тоқаевқа тапсырып тұрып «Нұр Отанды» Мемлекет басшысы басқаруы тиіс, бұдан ұтпаса, ұтылмайды. Бұл мен үшін өте-мөте маңызды шешім, бұған бармас бұрын он ойланып, жүз толғандым» деуі осының дәлелі», - дейді Данияр Әшімбаев.  

Сарапшының айтуынша, бұл өз кезегінде елдегі ынтымақ пен ырысты сақтауға септесіп, тұрақтылықтың іргесін бекіте түсетін институт болып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. 

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында экс-президент Қазақстан халқы ассамблеясының тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырды. Енді міне «Нұр Отан» партиясы төрағалығын тапсырып отыр. Расын айту керек, «Нұр Отан» үлкен басымдыққа ие, партия қатарында министрлер, әкімдер, бизнес басшылары бар, бір сөзбен бұл мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты ірі әкімшілік ресурс болып саналады. Менің ойымша, Мемлекеттік аппарат жұмыс істесін, президенттің қолында ресми тетіктер болсын, мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы арқылы өз шешімдерін жүзеге асыру процесін жеделдетсін деп Тоқаевқа қосымша әкімшілік ресурс беріп отыр. 

«Нұр Отан» тек саяси институт емес, сонымен қатар президенттің саясатын алға жылжытатын маңызды құрал. Президенттің саяси бағыт-бағдарын жүзеге асыру бірінші кезекте осы партияға жүктеледі. Мемлекет пен қоғамның арасында өткел орнату да билеуші партияның жұмысы. Анығы, жыл басында Ассемблеяны қолына қаратқан, күні кеше «Нұр Отан» партиясының төрағасы атанған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттағы ықпалы пен билігі күшейе түсті деген сөз. Соған сәйкес оған жүктелген жауапкершіліктің де арта түсетінін білдіреді. Бұдан былай елдегі билік Тоқаевтың төңірегіне топтасады. Дәл қазір елдегі билік Тоқаевтың қолында. Бұдан былай оның саяси белсенділігі арта түседі, биліктегі ауыс-түйістер тек Тоқаевтың қалауымен жасалатын болады», - дейді саясаткер Данияр Әшімбаев. 

Сондай-ақ ол бұл жағдайдың «Назарбаев биліктен кеткісі жоқ» дейтін сыншылардың аузына құм құйылғанын айтады. Екіншіден Назарбаевтың Тоқаевқа толық билік берілуі тиіс дейтін елдің пікірімен санасқанын білдірсе керек. 

Бұл - шынайы транзит

Айтпақшы, Парламент мәжілісінің депутаты, белгілі саясаткер Айдос Сарымның да ойы осыған ұқсас болып отыр. Ол да Қауіпсіздік кеңесі басшысының «Нұр Отан» төрағалығын қазіргі Президент Тоқаевқа тапсырылуы «елде қос билік орнады» деген қауесетке біржолата нүкте қойып кетті деп естейді. 

Оның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының төрағалығын берулы тура шешімі 2019 жылдан басталған билік транзитінің заңды жалғасы. Яғни қоғамның да, элитаның да мемлекет басшысының айналасына топтасуы ұлттық ауызбіршілік саясатын жалғастырар нық қадам болмақ. 

«Менің ойымша, осыдан екі жыл бұрын басталған саяси транзиттің қисынды жалғасы сияқты болып көрінеді. Осы кезге дейін талай алып-қашпа әңгімелер болды. Жалпы біздің қоғам ішінде «билік ішінде бірлік жоқ, қос билік бар, кітапхана мен Ақорда арасында қақтығыстар бар» деген сияқты жалған фейк ақпарат тарату, ақпараттық индустрияның бір бөлігіне айналып кеткен жағдай болды. Ақорда мен кітапхана арасындағы текетірес деген секілді сияқты ойдан шығарылған дүниелерге біржолата нүкте қойып берді.

Бәлкім шығыс халқына тән жеке-дара жолымыз шығар, қиындығы мен құйтырқылығы да бар шығар, бірақ бұл - шынайы транзит, елдің ішіндегі де сыртындағы да бақылаушылар осы мәселені қабылдауға тиіс», - дейді Айдос Сарым.

Сонымен қатар ол да «Нұр Отан» төрағалығын алған соң Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күшейеді деп санайды. «Партияның төрағасын қызметтен босату, сайлау «Нұр Отан» съезінде қаралғанымен, бүгіннен бастап «Нұр Отан» партиясын басқару президентке өтетіні айқын. Тоқаев осы кезге дейін конституциялық механизмдерді қолына алса, бұл жолы саяси механизмдерді де алып жатыр. Оның үстіне, бұл - алдағы үлкен саяси науқандарға дайындық екені сөзсіз. Элитаға сигнал беретін шешім», - дейді ол.

Барлық тетіктердің бір қолға шоғырлануы ақылға қонымдырақ

Сол секілді белгілі саясаткер Расул Жұмалы да бұл оқиғаға жылдың басты саяси жаңалығы деп баға берген. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының төрағалығына  президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынғаны бүгінгінің басты саяси жаңалығы болды. Әрине, тиісті шешім партияның алқалы жиынында қарала жатар. Билік транзиті айналасында әркім пайымын бұған дейін де жасады, кейін де жасар. Алайда өз басым көптеген елдер осындай тағдырлы емтиханнан сүрініп тіпті құлап жатқанда Қазақстанның одан сенімді түрде әрі абыроймен өткенін оң бағалаймын. Ал енді тиісті дәстүрдің орнығуы барысында біржолата саясатпен қош айтыспай Елбасы бастапқы кезеңде бұл үрдіске бас-көз болған тәжірибе де өзін ақтауда. Яғни кезіндегі Ресейде Борис Ельциннің осымен кеттім, менен кейін шөп өспесе де бәрібірдің реті Қазақ елінде қайталанбағаны дұрыс-ақ. Бұл өз ісіне деген аяғына дейін жауапкершіліктің көрінісі. 

Меніңше, бұл жай ғана сөз емес, Елбасының ұзақ жылдар бойында ойлап, болашақ ұрпаққа мирас ретінде ұсынған аманаты іспеттес. Түптеп келгенде тізімде аталған міндеттердің өзектілігіне елім-жерім деген кез-келген азамат күмән келтірмес», - деп атап өткен өзінің ФБ парақшасында.

Сондай-ақ ол мемлекеттік басқару жүйесінің жетіліп жатқаны екенін атап өткен. Жергілікті басылымдарың бірінде жарияланған өзінің мақаласында да бұл қадамның мұның үлкен эксперимент екенін атап өткен.

«Қазақстанда екі жарым жыл бұрын басталған билік транзиті жалғасып жатыр. Бізде бұл процесс тыныш өтуде. Бұл эксперименттің қарқыны, масштабы мен тереңдігі туралы тоқтамай дауласа беруге болады. Иә, бұл эксперимент. Себебі қазақ хандығындағы биліктің ауысу тәжірибесі жоғалған. Кеңес кезеңінің тәжірибесі қазіргі демократиялық стандарттарға сәйкес келмейді. Алайда саясатта ештеңе өздігінен пайда болмайды. Дәстүрлер мен институттар қажет, белсенді әрі жауапты азаматтық қоғам қалыптасуы тиіс. Аталған алғышарттардың бәрі Қазақстанда енді ғана пайда болуда. Кеш болса да, кемшілігі болса да, билік транзиті жүзеге асты. ТМД мемлекеттерінің ішінде ең соңғылардың бірі болып билік транзитін жүзеге асырдық. Әуелде Тұңғыш Президенттің Қауіпсіздік кеңесіндегі, басқарушы партиядағы, Қазақстан Халқы Ассамблеясындағы қызметтерін сақтап қалуы көп талқы тудырды. Әсіресе «қос билік» мәселесі сынға ұшырап бақты. Бұл жақсы ма, жаман ба? Әрине, авторитарлық басқару стилі тұрғысынан барлық тетіктердің бір қолға шоғырлануы ақылға қонымдырақ. Бірақ мұндай иерархия демократияға ұмтылып келе жатқан қазіргі қоғамға жарай ма? Бір қолбасшының орнынан екіншісін көру идеясы қаншалықты ақтауға тұрарлық? Ескі басқару үлгісінің орнына мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жақсы емес пе? Нұрсұлтан Әбішұлы өзі айтқан сөзінде тұрып, барлық өкілеттігін біртіндеп қазіргі президентке беріп жатыр.

Биылғы көктемде ҚХА төрағалығын тапсырса, бірер күн бұрын «Нұр-Отанның» тізгінін тапсырды. Яғни «Елбасы билікке жармасып отыр» деген сөз жоққа шығып жатыр. Керісінше өкілеттіктерді кезең-кезеңмен беру жағдайды бақылауға құрылған жүйелі жоспар бар екенін көрсетеді. Борис Ельциннің биліктен кетерде бүкіл билікті Владимир Путинге тапсырып, «не істесеңдер оны істеңдер» дегеніндей болмайды. Мұндай тірлік жауапты саясаткердің қылығы емес. Мұнда Қытайдың әдісі көбірек байқалады. Дэн Сяопин ҚХР төрағасы лауазымын босатып, бірақ Орталық әскери кеңес басшылығында қалып, біраз уақытқа дейін тәжірибесімен бөлісіп отырды. Әрине, Қазақ билігінің бұл транзиті мінсіз емес, жіберілген барлық қателерді ақтап ала алмайды. Дегенмен басты сипаттамалары жақсы үлгі боларлық. Қоғамның да тұрақтылығы мен қауіпсіздігі сақталады», - деп атап өткен. 

Елімізде эволюциялық өзгерістер болып жатыр

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров Мемлекет басшысының қолына «Нұр-Отанның» тізгінінің берілуін эволюциялық өзгерістердің болып жатқаны деп есептейді. Яғни бүгінгі қым-қиғашы көп заманда осындай ойланып жасалған, салмақты  қадамдардың бірі.

«Елімізде толыққанды саяси трансформация жүзеге асырылуда.
Билеуші партияның төрағалығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік 30 жылдығы қарсаңында келуінің де символикалық мән- мағынасы зор!
Еліміздің дамуының келесі кезеңінің диалектикасы қалыптасуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келесі ұрпаққа «Елдіктің жеті тұғыры» бағдарламасын ұсынды. «Тәуелсіздікті сақтау» басты құндылық, басымды  міндет екендігін жеткізді.
Мемлекетте бірте-бірте, эволюциялық өзгерістер болып жатыр.
Бүгінгі қым-қиғашы көп заманда осындай ойланып жасалған, салмақты  қадамдар дұрыс екендігі Һақ!», - дейді ол.

Яғни Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясысының Төрағасы өкілеттігін беру туралы шешімі сарапшылар тарапынан қызу қолдауға ие болып жатыр. Нақты айтар болсақ, Елбасы институты мен Президенттік басқару жүйесінің өазара қарама-қайшылыққа бармайтын, ел мүддесі жолында бір-бірін толықтырып отыратын, ақыл-кеңес пен бірлескен пайымға негізделген жоғары деңгейдегі саяси құрылым екенін дәлелдеп отыр. Ел айтып жүргендей «қос билік» ұғымына да біржолата нүкте қойып берді деуге болады. 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары