11.01.2022, 11:10

Тоқаев Премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынды

Фото: inform.kz
Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Мәжіліс отырысы өтіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Мәжіліс отырысы өтіп жатыр. 

Бұған дейін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының бейнебайланыс арқылы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, еліміздің жаңа Премьер-Министрінің кандидатурасын ұсынатындығын хабарлаған болатын. Сондай-ақ Президент саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасайды деп күтілуде.

 

Әлихан Асханұлы Смайылов   1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 

1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 

1996 жылы — ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды. 

1993–1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған. 

1999–2003 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы. 

2003–2006 жж. — ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы. 

2006–2009 жж. — ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті. 

2009–2014 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы. 

2014–2015 жж. — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы. 

2015–2018 жж. — ҚР Президентінің көмекшісі. 2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі. 

2019 жылғы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші Орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды.  

2021 жылы 18 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.  

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.