ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев отандық өндірістің локализациясын тереңдету үшін жобаларды 6%-бен кредиттеуді ұсынды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
«2025 жылға дейін өңірлер жалпы сомасы 12,2 трлн теңгені құрайтын өңдеу өнеркәсібін дамыту жобаларын іске асырады. Осы 429 жоба аясында 93 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Жобалар өңірлік мамандандыруға сәйкес іске асырылатын болады», -деді министр.
Оның айтуынша, 2022-2025 жылдары аталған жобалардан шамамен 4,1 трлн теңгенің өнімі алынып, солардың экспортынан 2,4 млрд АҚШ доллар табыс кіруге тиіс.
«2025 жылға дейін жалпы сомасы 2,7 трлн теңгеден асатын импорт алмастыруға бағытталған 119-дан астам жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өнімінің импортын 15% қысқартуға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол елде шығарылатын өнімнің локализациясын тереңдету бағытындағы шараларға тоқталды. Министр бұл тұрғыда негізгі жобаларды 6%-бен кредиттеуді ұсынды. Құны 1,3 трлн теңге болатын 60 жобаны осы тетік арқылы іске асырса, 19 мың тұрақты жұмыс орны ашылатыны да айтылды.
«Жалпы, аталған жобаларды іске асыру 1,6 трлн теңгеден астам сомаға өнім шығаруға, 771 млн доллардың шикізаттық емес өнімін экспорттауға мүмкіндік береді», - деді Қайырбек Өскенбаев.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.