Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезіне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Елбасы Nur Otan партиясы еліміздің басты саяси күші екенін айтты.
"Партия қоғамның барлық тобының мүддесін қорғай отырып, әрқашан да Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігіміздің қорғау жолында тұрды. Бірге көп нәрсеге қол жеткіздік. Ең бастысы - Қазақстанның одан әрі дамуы үшін сенімді негіз құрылды. Бұл алға қарай қозғалысты жалғастыру үшін маңызды", - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы съездің тарихи маңызын айтып, партия мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевты Nur Otan партиясының төрағасы етіп сайлау туралы ұсынысын қолдайтынына сенім білдірді.
"Кейінгі бір жарым жыл ішінде партия жұмысы жүйелі түрде қайта жаңғыртылды. Осы процестің кейінгі кезеңі ретінде партияны басқару мәртебесін қазіргі Мемлекет Басшысы - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беру деп есептеймін. Партияны президент сайлауында ұсынған және қолдаған адам басқаруы керек. Бүгінде Қазақстан Президентінің басшылығымен маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар кешені жүзеге асырылып жатыр. Nur Otan партиясы барлық қажет ресурсқа ие бола отырып, оларды жүзеге асыруда сенімді көмекші болуға тиіс", - деді Елбасы.