Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясына қатысты алқалы жиын өткізді. Осы жиынға орай Еуропалық құқық пен адам құқығы институтының директоры Марат Бәшімов желіде өз пікірін білдірді.
«Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев оның төрағасы болып сайланды. Бұл ай мемлекет пен қоғамдағы жасырын әрі күрделі проблемаларды ашып көрсетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысына деген сенім артып, халық оның маңайына шоғырлана бастады. Енді партия басшылығына келгеннен кейін түбегейлі өзгерістер жасауы қажет. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» партияның өзінің өзгеруі қажеттігін білдіреді. Партия Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет пен қоғам арасында диалог орнататын құралына айналады. Себебі партияның құрамында 800 мыңға жуық азамат бар.
Ол партия төрағасы әрі көшбасшысы ретінде парламент пен мәслихат депутаттарының қызметін үйлестіру және бақылау механизмдерін қолына алады. Партия енді қоғамның үніне айналады. Бұқаралық әлеуметтік наразылық тудырмас үшін барша азаматтың айтқанына құлақ түрілетін болады. Партия басшылығына Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуі оның идеологиясының түбегейлі өзгеретінін білдіреді. Сондықтан партия Жарғысы өзгеріп, кадрлық тазарту жүреді. Nur Otan өзі жаңаруы керек.
Партия мемлекеттік органдардың жұмысын көшірмеуі керек. Мемлекеттік аппараттың функциясы бір бөлек, ал партиянікі мүлде басқа. Партия идеологиялық және кадрлық жұмыспен айналысуы керек. Біреуге ұнаса да, біреуге ұнамаса да, бірақ партия – Президент қойған прогрессивті тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ете алатын қоғамдық-саяси ресурс»-дейді Бәшімов.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.