08.02.2022, 18:00

«Тоқаев өзгеріс жасауға шындап кіріскен сияқты» - Расул Жұмалы

turkystan.kz
Дәл осы соңғы мәлімдемелері мен берген тапсырмалары соны меңзейді.

Көптеген сарапшылар Үкіметтің бұл жолғы отырысын бұрынғыдан өзгеше болды деп бағалап жатыр. Мәселен, белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы Президенттің Үкімет мүшелеріне нақты тапсырмалар беріп, атқарылуы тиіс реформалар мен жұмыстардың қысқа мерзімде  орындалуын талап етілуінің үлкен жетістік екенін айтады.

«Менің ойымша, Президент зор саяси ерік-жігер танытып отыр. Өзгеріс жасауға шындап кіріскен сияқты. Дәл осы соңғы мәлімдемелері болсын, берген тапсырмалары болсын, соны меңзейді. Бұрынғы кландық-олигархиялық жүйемен отыра беретін болсақ, отыз жылдағыдай қайтадан бір тығырыққа кіреміз. Сондықтан мен Мемлекет басшысының қадамдарын оң бағалаймын. Дегенмен, саясатта игі өзгерістер ә дегеннен бола салмайды. Екінші жағынан, халықтың, қоғамның төзімі таусылды. Қанша рет алданды, қанша уәде берілді, бірақ билік сөзінде тұрмады дегендей. Оны да түсінуге болады. Үшінші жағынан 20-30 жылда қалыптасып қалған мемелекеттік басқару жүйесінің әлі сол қалпы екенін де ескеру керек», - дейді Расул Жұмалы Skifnews.kz  ақпараттық порталына берген сұхбатында.

Сарапшы Қаңтар оқиғасының ел үкіметіне үлкен сабақ болғанын айтады.

«Қаңтар оқиғаларынан кейін инфляцияның алдын алу үшін нақты шешім қабылданғаны қуантады. Әлеуметтік мәселелер бойынша газ бағасы 2024 жылға дейін өзгеріссіз қалатын болды.  Әлемде газ бағасы шарықтап жатқан тұста Үкіметтің бұл шешімі шығынға ұшыратуы бек мүмкін. Бірақ билік бұл мәселенің әлеуметтік тұрғыдан өте сезімтал екенін ескерді.

Ұнасын-ұнамасын жаңа Қазақстанды жауапкершілікті өзіне алмайтын, сын сағатта бұғып қалатын, елдің қазынасын басы бар, аяғы  жоқ бағдарламаларға құртатын жүйемен құруға тура келеді. Бірақ, меніңше,  Әлихан Смайыловтың ойға алған реформалары реформа үшін реформа емес. Бір жағынан, қаңтар оқиғасынан кейін биліктегілердің де түйсігіне бірдеңе жеткен сияқты. Жағдайды өзгерту керек. Ары қарай жүре берсе болмайды», - дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол ел президентінің олигархтармен күрес мәселесіне көңіл бөле бастағанын айтады. 

«Қазақстан - бай мемлекет. Кірісі, экономикалық мүмкіндіктері бойынша Шығыс Еуропаның  Түркия, Болгария елдерімен деңгейлес. Біздің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өніміміз жылына 9 мың доллар. Бірақ сол байлықтың рахатын халық көрмеді. Керісінше, біздегі жалақы, өмір сүру деңгейі, әлеуметтік төлемдер Қырғызстан, Тәжікстанның деңгейінде. Ал Қырғызстанның жан басына шаққандағы табысы біздікінен әлдеқайда төмен,  700-800 доллар ғана. Сонда бұл айырмашылық қайдан шықты? Өйткені Қазақстан байлығының тең жартысы 162 отбасының ғана қолында. Сондықтан, бірінші кезекте олигархтар мен «Самұрық-Қазына», «Қазақстан теміржолы» секілді алпауыттарды сабасына  түсіру керек», - деп атап өтті Расул Жұмалы.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.