15.02.2022, 05:30

Ресей Қара теңізде ауқымды әскери маневр өткізіп жатыр

Sputnik.kz
Қара теңіз флотының теңізшілері бүгінде оқу-жаттығу барысындағы бірқатар әскери міндеттерді сәтті орындап шықты

Ресей Федерациясының Қара теңіздегі әскери-теңіз оқу-жаттығулары ресейлік маневрлердің Әлем мұхитындағы ауқымын айқындап отыр, деп жазды әскери шолушы Александр Хроленко.

Қара теңіз бен Азов теңізіне іргелес жатқан ауданда Ресей Әскери-теңіз флотының кеме тактикалық топтары 13-19 ақпан аралығында жауынгерлік оқ ату эпизодтары бар маневрлер өткізіп жатыр. Қара теңіз флотының теңізшілері бүгінде оқу-жаттығу барысындағы бірқатар әскери міндеттерді сәтті орындап шықты.

Ресейлік әскери шолушының ақпараты бойынша, Қара теңіз флотындағы кемелердің, субмариналар мен жағалаудағы зымыран кешендерінің жалпы зымыранмен жаппай оқ атуы 200-ден астам оқтұмсықты құрап отыр.  

"Варшавянка" 636.3 жобасының алты дизель-электрлі суасты қайығы 24 "Калибр" зымыранымен бір уақытта жаппай оқ атуға қауқарлы. 11356Р жобасының үш фрегаты да дәл осындай қанатты зымыранды бағыттай алады.

"Қара теңіз флотының негізгі әскери-теңіз базалары – Севастополь және Новороссийскте 200-ден астам арнайы жасақ әскері, пилотсыз ұшатын аппараттар, су асты барлау құралдары мен жер үсті кемелерінің қатысуымен диверсияға қарсы кешенді оқу-жаттығу өтті. Ресейлік билік NOTAM хабарламасында оқу-жаттығу кезінде жабық болатын теңіз аудандары мен әуе кеңістігін атап көрсетті. Сондықтан украин жағалауын басып алды деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - деп жазды Александр Хроленко. 

Әскери сарапшының айтуынша, Ресей Әскери-теңіз күштерінің ірі десант кемелерінің жасағы Балтық теңізінен Қара теңізге дейін 7000 миль жолды жүзіп өтті. 10 ақпанда Севастопольге Балтық флотынан "Королев", "Минск", "Калининград" ірі десант кемелері, сондай-ақ Солтүстік флоттан "Петр Моргунов", "Георгий Победоносец", "Оленегорский горняк" ірі десант кемелері жетті. 

Александр Хроленко операциялық мүмкіндіктер дәуірінде Ресей Әскери-теңіз флоты ірі десант кемелерінің маңызы артып жатқанын жазды. Оның айтуынша, Ресей әскерінің Сириядағы соғыс қимылдары армия мен әскери техниканы үлкен қашықтыққа жылдам жеткізуге қабілетті заманауи ірі десант кемелердің маңыздылығына кезекті рет көз жеткізді. Бұған дейін аталған "Петр Моргунов" - 11711 жобасының бірінші сериялық кемесі. Бұл жобаның ең жаңа десант кемелері бортында 300 теңіз жаяу әскерін, 13 танк немесе 36 жаяу әскердің соғыс машинасын, екі тікұшақты алып жүруге қабілетті. 

Қара теңіздегі алты ресейлік ірі десант кемелері зымыран-артиллериялық оқ жаудырумен қорғалған қарсыластың жағалауына бір уақытта теңіз жаяу әскер бригадасын, 80-ге жуық танк немесе 200 жаяу әскердің соғыс машинасын жеткізе алады. Бір жыл ішінде Қара теңіздегі альянс әскерінің саны 60%-ке артты. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг өткен аптада Румынияда "Украинаны қорғауға бағытталған" қосымша мыңға жуық АҚШ әскерилері орналастрылытанын мәлімдеді.  

Ол осы мақсатта Румыния президенті Клаус Йоханниспен бірге Констанцедегі "Михаил Когэлничану" әскери базасында болып қайтты. 

"Пентагонның 82-ші әуе-десантты дивизиясының бөлімшелерін Польшаға жөнелту жалғасып жатыр. Киев пен Варшава поляк әскерлерін Украина аумағында – Ковель, Луцк, Стрый және Мукачевода орналастыру жоспарларын үйлестіріп, Украина, Польша және Ұлыбританияның "шағын одағын" құру мәселесі талқыланып жатыр. Ал Бухаресттегі және Еуропаның басқа астаналарындағы Ресей елшілері жергілікті халықтың назарын нақты қауіп-қатерге аударған кезде олар шындықты бұрмалауға тырысып жатыр", - деп жазды әскери шолушы. 

Сарапшының пікірінше, НАТО-ның Қара теңіз аймағындағы мемлекеттер қатарына кірмейтін елдердің соғыс кемелерінің Қара теңіз акваториясындағы уақытын шектейтін Монтрё конвенциясы батыстағыларға кедергі болып отыр. Бірақ конвенцияның күшін жоюға әлі ешкімнің қауқары жетер емес. 

Хроленко альянс жақында Украина Әскери-теңіз күштеріне британдық кемеге қарсы зымырандарды жөнелтетінін жазды. Оның айтуынша, Киевтің Минск келісімдерін сақтамауына Вашингтонның ықпалы себеп болып отыр.  

"Норманд форматындағы кезекті келіссөз еш нәтиже бермеді. Ресей Сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин ұсынған ақпарат бойынша, Киев бүлікшіл аумақты күшпен басып алуды жоспарлап жатыр. Ал Донбаста 720 мыңнан астам Ресей азаматы тұрады. Сондықтан Мәскеу бейбіт халыққа қарсы қару қолдану әрекетіне бей-жай қарап отырмасы анық", - деп жазды Хроленко.

Бұған дейін Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Жерорта теңізінде оқу-жаттығулар тұрақты түрде өтетінін айтқан. Ресей Әскери-теңіз күштерінің 140 әскери кемесі мен 10 мыңға жуық әскери қызметкері қатысатын маневрлері бүгінде Солтүстік және Охот теңіздері, Атлант және Тынық мұхиттары аудандарын қамтып отыр.

Әскери шолушы Ресей Ескі әлемнен АҚШ-ты ығыстыруды және еуропалықтарды оның ықпалынан босатуды көздеп отырғанын жазды. Жалпы Мәскеу бөлінбейтін және тең қауіпсіздік ұстанымынан кері шегінетін түрі жоқ. Сондықтан ол АҚШ пен НАТО қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты нақты жауап ұсынғанын талап етті.

 

Sputnik.kz

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.