1969 жылдың соңында, Павлодар қаласында ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» ұйымы құрылған еді. Негізі №3 облыстық қазақ мектеп-интернатының (қазіргі №3 облыстық гимназия-интернат) бір топ оқушысынан тұратын ұйым мүшелері өздері шамалас жасөспірімдер арасында астыртын әрекет етіп, егемендік пен дербес мемлекеттілік идеяларын насихаттады. Қаланың және кейбір елдімекендердің көрнекі жерлеріне жұртшылықты отаршылдыққа қарсы күресуге шақырған үнпарақтар іліп кетті және 1970 жылы қала орталығында өтетін І мамыр мерекелік шеруінде «Қазақ мектептері мен балабақшалары ашылсын!» деген ұранжазулар көтеріп шығуды жоспарлады. Бірақ ұйымды сол жылдың қаңтар айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы әшкереледі.
Кеңестік дәуірде «Жас ұлан» ұйымы жөнінде айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Тек егемендік кезеңінде түрлі бұқаралық ақпарат беттерінде, интернет желілерінде азды-көпті жарияланымдар жарық көрді, деректі фильмдер түсірілді, телерадио хабарлары жасалды.
Биыл Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағаттар басқармасы қорынан «Жас ұлан» ұйымына қатысты 56 беттен тұратын іс табылды. Материалдарда жас ұландардың ісі КСРО-ның Бас прокуроры Р.А. Руденконың өзіне жолданғаны, Павлодар облыстық прокуратурасы ұйымның белсенді мүшелерінің үстінен Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 58 бабы (аса қауіпті мемлекеттік қылмыстарды жасауға бағытталған ұйымдастыру әрекеті, антисоветтік ұйымдарға қатысу) және 56 бабы (мемлекетке қарсы қылмыстарды жүзеге асыруға үндеу) бойынша қылмыстық іс қозғағаны, бірақ бұл істі республикалық прокуратураның тоқтатқаны жайында құжаттар бар. Тергеу қорытындысында жас ұландардың іс-әрекеттеріне саяси тұрғыдан қауіпті деген баға беріліп, олардың жеке тұлғалық қасиеттері де барынша қара бояумен көрсетілген. Міне, осы мұрағат материалдарын біз өзімізге белгілі жайттармен байланыстыра қарап оқырмандардың назарына ұсынуды жөн көрдік.
«Жас ұлан» ұйымына №3 қазақ мектеп-интернатының ұлтшыл оқушыларымен қатар облыстағы кейбір оқу орындарының оқушылары да енген. Ұйымның жарғысы жазылып, іс-шаралар жоспары жасалған. Отырыстардың хаттамалары толтырылған. Әрбір мүшесінен 50 тиын мөлшерінде жарна жиналған. Бұл қаржы ұйым жұмысына қажетті кеңсе тауарларын сатып алуға және жол жүру шығынына жұмсалған. Ұйымды басқару үшін «комитет» деп аталған басқару органы құрылған. «Жас ұланның» іс-әрекеттерін жүзеге асыру мәселесін осы орган реттеп отырған. Комитетте үгіт-насихат, мәдени-бұқаралық шаралар, әкімшілік, шаруашылық, байланыс бөлімдері жұмыс істеді.
«Жас ұлан» ұйымының мүшелері мына жасөспірімдер еді:
№3 мектеп-интернаттың оқушылары - Қаниев Арман, Бейсекеев Рашит, Құсайынов Сембай, Какежанов Болат, Кәженов Қайролла, Әлиева Гүлбаршын, Жүнісова Айгүл, Қабылбеков Қайрат, Оспанова Әлия, Беков Ахмет, Махметова Алтын, Мусин Саниял, Сексенбаев Дүйсенғали, Таттин Бәкібай, Қарағаев Абай, Жандосова Күләш, Сағынаева Қайырпану, Абдығалимов Шеризат, Амантаев Уахит, Ғабдылғазизова Күләш; Ермак (қазіргі Ақсу) қаласы №1 орта мектептің оқушылары - Жамалбаев Бақыткерей, Жапаров Қайыргелді; Павлодар ауданы Қызыл қоғам кеңшары орта мектебінің оқушысы - Нұртазин Нұрболат; Красноармейка станциясы ауылшаруашылығы техникумының студенті - Бектұрғанов Бақытбек.
«Жас ұлан» ұйымының комитеті мүшелігіне мына жасөспірімдер енген:
Қаниев Арман (төраға), Бейсекеев Рәшит (төрағаның орынбасары), Кәженов Қайролла, Кәкежанов Болат, Құсайынов Сембай (мүшелері). Кейіннен комитетке Ғабдылғазизова Күләш, Әлиева Гүлбаршын, Жүнісова Айгүл енген. Махметова Алтын жарналарды жинап, есепші міндетін атқарса, Жүнісова Айгүл отырыстардың хаттамаларын толтырумен айналысты. Үнпарақтардың мәтінін жазған Қаниев Арман, мәтінді Ермак қалалық сотының жазу машинкасымен басқан Құсайынов Сембай. (Сембайдың Ермак қалалық сотында хатшы болып істеген әпкесі сол кезде сот ғимаратының өртенуіне байланысты жазу машинкасын үйіне әкеп қойған еді). Үнпарақтардың санын көбейтіп, Ермактан Павлодарға жеткізген Жапаров Қайыргелді, таратқандар Қаниев Арман, Бейсекеев Рашит, Кәженов Қайролла, Қабылбеков Қайрат, Нұртазин Нұрболат болатын.
Ұйымның үгіт-насихат жұмысына пайдалану мақсатында Қаниев Арман, Кәженов Қайролла, Мусин Саниял ұлтшылдық бағыттағы өлеңдер жазған.
«Жас ұланның» әрбір мүшесі сенімді жасөспірімдерді ұйымға тартуға міндеттенген. Отырыстарда қазақтардың ана тілін, мәдениетін, дәстүрін жоғалту үстінде екендігі, қазақ мектептерінің саны қысқарғаны, Павлодарда 33 мектептің 2-еуі ғана: №3 мектеп-интернат пен Абай атындағы №10 орта мектептің қазақ мектептері екені, жоғары оқу орындарында тек орыс тілінде оқытылатыны, қазақша тәрбиелейтін балалар мен бүлдіршіндер бақшаларының, қазақ театрының жоқтығы, көшелер, кафелер, дүкендер атауларының мүлде аздығы айтылған. Осы сөздерді олар МҚК облыстық басқармасындағы тергеу кезінде және комсомолдар жиналыстарында қайталап айтып, өз мұрат-мүдделерінен танбаған. Мәселен, облыс прокуроры Л.Н. Ивановтың КСРО Бас прокуроры Р.А. Руденкоға жолдаған арнайы хабарында: «№3 мектеп-интернаттағы алдын алу жұмыстарын жүргізу және комсомол жиналысында орын алған фактілерді талқылау барысында Қаниев теріс көзқарасын өзгерткен жоқ, сондай-ақ қалалық комсомол комитеті бюросында сөзін жазбаша түрде ұсынды, ол өз жазбасында қазақ халқының оқшаулануын жақтап, орыс халқын отаршылдармен салыстырса, Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің ұлттық мәселе жөніндегі саясатын патшалық Ресейдің саны аз ұлттарға қолданған саясатымен салыстырды» делінген.
Солай бола тұра, дақпырты Кеңес одағының басшылығына дейін жеткен «Жас ұлан» ұйымы мүшелерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Неліктен? Біздің пайымдауымызша, Коммунистік партияның көсемі В.И. Лениннің туғанына 100 жыл, Қазақ КСР-нің құрылғанына 50 жыл толатын 1970 жылы кәмелетке толмаған жасөспірімді саяси іc-әрекеттері үшін соттау компартияның ұлттық саясатын, идеологиялық жұмыстарын жоққа шығарумен барабар абыройсыз іс болар еді. Жағдайды осы тұрғыдан байыптады ма, әлде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің тағдырына аяушылық сезімімен қарады ма, кім білсін, әйтеуір, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ұйым мүшелерін бас бостандығынан айыруға келісім бермеген көрінеді. Бұл сыбысты біз сол кезде «ұзынқұлақтан» естігенбіз және оны шындыққа жанасады деген ойдамыз. Жас ұландарға жазалаудың өзге түрлері қолданылуының себебі осы шығар.
МҚК басқармасындағы тергеу аяқталған соң мектеп-интернат әкімшілігі облыстық партия комитеті ұсынған сценарий бойынша жалпы мектеп жиналысын, комсомолдар ұйымы жиналысын, ата-аналар жиналысын, педкеңес өткізіп, жас ұландарға үсті-үстіне морольдық-психологиялық соққы берді. Жиналыстарда сөйлеген мұғалімдер және комсомолдар белсенділері жас ұландардың саяси іс-әрекеттерін сынаумен қатар жеке бастарын даттап, ата-аналарының да ар-ожданын қорлайтын сөздер айтуға дейін барды! Мысалы, мұғалімдер тарапынан «Алаш орданың сорақы істеріне еліктеген сорлылар!», «Интернаттың тегін тамағын ішіп-жеп, империалистердің сөздерін сөйлеген арамтамақтар!» деген ғайбат сөздер айтылды. Физика пәнінен беретін Омаров деген оқытушы тіпті: «Егер маған Сталин заманындағыдай билік берсе, бұл балаларды ата-аналарымен қосып қойып, өз қолыммен ататын едім!» - деп, өзінің педогогтан гөрі жендетке ұқсайтынын көрсетті.
Іле Павлодар қалалық комсомол комитеті, мектеп-интернаттың әкімшілігі мен комсомол ұйымы «Жас ұланның» жетекші құрамын жазалауға кірісті. Атап айтқанда, 1970 жылдың сәуір айында өткен қалалық комсомол комитетінің бюросында ұйым жетекшісі Қаниев Арман Бақтанұлы, ұйым комитетінің мүшелері Бейсекеев Рашит Арайұлы, Жүнісова Айгүл Әшімқызы, Әлиева Гүлбаршын Қабдыкәрімқызы «Ұлттық саясат мәселесіндегі саяси-идеялық қателіктері» үшін БЛКЖО қатарынан шығарылды. Болат Какежанов, Сембай Құсайынов, Қайрат Қабылбеков, Алтын Махметоваға «Мектеп тәртібі мен ережесін өрескел бұзғаны үшін» қатаң сөгіс берілді және бұл сөгіс комсомолдық есеп карточкасына жазылды. Сонымен қатар, комсомол мүшелігінен шығарылған Арман Қаниев, қатаң сөгіс берілген Сембай Құсайынов және комсомол қатарында жоқ жас ұландар Қайролла Кәженов пен Саниял Мусин 9-сыныпты бітірген соң «өз еркімен» оқудан да шығарылып, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылды. Қалған жас ұландарға қатаң ескерту жасалды.
Облыстық оқу бөлімі мен мектеп-интернат әкімшілігі тарапынан бірнеше жас ұлан оқитын 9 «А» сыныбының жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Әбжанова Ғазиза Рамазанқызына да қысым көрсетіліп, сынып жетекшілігінен босатылды.
«Жас ұлан» ұйымына тілектес болған жасөспірімдер мыналар еді:
№3 мектеп-интернаттың оқушылары - Төлеубаев Зәкір, Ташмұхамедова Шолпан, Асанбаев Қаршыға; Ермак қаласы №1 орта мектептің оқушысы - Темірбаев Серік; Май ауданы Белогорье (Көктөбе) орта мектебінің оқушысы - Сәрсенбаев Асқар; Ермак қаласы №164 ҚКТУ оқушысы - Рысымбетов Қайырбай. «Жас ұлан» ұйымының іс-әрекеттері туралы біле тұра өзгелерге жария етпей жасырғаны үшін бұл жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алайда, МҚК қызметкерлері ә дегеннен-ақ мектеп оқушыларының саяси ұйым құрғанына күманмен қарады да, ар жағында ересек адам тұруы керек деген жорамал жасап, тергеуді сол бағытта жүргізді. Алдымен, №3 мектеп-интернаттың мұғалімдері мен жас ұландардың жоғары білімді ағайын-туыстары арасынан күдіктілер іздестірілді. Бұрынғы «Жас тұлпар» ұйымы мүшелерінің бірі Павлодар қаласына арнайы келіп «Жас ұлан» ұйымын құрып кеткен деген болжам да жасалды. Белсенділердің әрқайсынан: «Алматыдан келген кісі кім, біз оны сенсіз де білеміз, бірақ өзің айтсаң, қылмысың жеңілдейді» деген құйтырқы сөздермен алдауға әрекеттенгені есімізде. «Мәскеуде Мұрат Әуезов құрған «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде естігенбіз, сол ұйымды үлгі тұттық, бірақ Мұрат Әуезовтың өзін де, серіктерін де көрген емеспіз» - деп шындығын айттық.
Солай десек те, «Жас ұлан» ұйымына жанама қатысы бар жалғыз ересек адам болғаны рас. Ол Абай атындағы №10 қазақ орта мектебінде ән-күй пәнінен сабақ беретін және «Мелькомбинат» клубында көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік ететін Рахметхан Нұрбасаров еді. Рахаң біздің ұсталғанымызды ести сала МҚК басқармасына өзі барып, оқушылар ұйымы жөнінде білетінін, бірақ жас ұландардың ісіне әншейін балалық деп қарап, онша мән бермегенін, саяси іс-әрекеттеріне өзінің қатысы жоқтығын айтып түсініктеме берді. Сондай-ақ, өзімен жақсы қарым-қатынастағы Арман Қаниев арқылы оның жолдастары Рашит Бейсекеев, Қайролла Кәженов тәрізді домбырашылық, әншілік қабылеті бар өнерпаз оқушыларды «Мелькомбинаттағы» көркемөнерпаздар үйірмесіне тартуды ғана көздегенін айтты. Ол солай дегенімен, МҚК қызметкерлері Рахметхан Нұрбасаровты ұйымды құрған және оған жетекшілік еткен адам қылып көрсетуге тырысты. Өйткені, кәмелетке толмаған мектеп оқушыларын ұстаудан гөрі оларды заңсыз саяси іске тартып мемлекетке қарсы қылмыс жасаған ересек адамды қолға түсіру қауіпсіздік органының беделін арттыратын әрекет болатын еді. Бірақ тергеу барысында Р. Нұрбасаровтың өзге жасөспірімдерді ұйым мүшелігіне енуге үгіттемегені, тіпті өзі ән-күйден сабақ беретін №10 қазақ орта мектебінде оқушылар арасында ұлтшылдық бағытындағы әңгіме қозғамағаны анықталған. Керісінше жағдайда бас бостандығынан айрылатыны анық еді. Әйтсе де, №10 мектеп педұжымының жиналысында Р. Нұрбасаровқа моральдық-психологиялық соққы берілді және Павлодар қалалық комсомол комитетінің мамыр айында өткен бюросында «Ленин комсомолының мүшесі деген жоғары атақпен сай келмейтін әрекеті үшін» деген айыптаумен БЛКЖО қатарынан шығарылды, іле мектептегі мұғалімдік қызметінен кетуге мәжбүр болды.
Ресми жазалаудың соңы астыртын саяси қысымшылыққа ұласқанын біз кейін сезіндік...
Дегенмен, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде егемендік елдікті көксеп, қатерлі іске бел буған жас ұландардың еңбегі зая кеткен жоқ. «Жас ұлан» оқиғасынан кейін Павлодардағы бір балабақшада қазақ тобы ашылды. Кейін сол бақша облыс көлемінде «Ақ бұлақ» атты алғашқы қазақ балабақшасына айналды! Көшелер мен дүкендердің атаулары қазақша қойыла бастады.
Павлодар облысында жасөспірімдердің Кеңес үкіметі мен коммунистік партияның ұлттық саясатына қарсы шығуы «Жүз ұлттың планетасы», «Достық лабораториясы» деген әсіреқызыл сөздермен дәріптелген республикада байырғы халықтың ұлттың сезімін сынап тәжірибе жүргізу ісі жақсылыққа бастамайтынын жұртшылыққа ұғындырды. Сөйтіп, жас ұландар Кремльдің Қазақстандағы отаршылдық саясатының қарқынын сәл де болса бәсеңдетуге үлес қосты!
Сол жасөспірімдердің көпшілігі егемендік кезеңінде бойындағы күш-қуатын мемлекеттің іргетасын бекемдеу, қоғамды көркейту мақсаттарына жұмсаған танымал азаматтарға айналды. Өкінішке қарай, кейбіреулері өмірден ерте озып, өздері армандаған азаттықтың ақ таңын көре алмады.
...Сөйтіп, 1969 жылы 15-16 жасында ұлттық сананы дүр сілкіндірген жасөспірімдер бұл күндері алпысты алқымдаған ел ағаларына айналды. Енді олар бүгінгі жасөспірім ұрпақтары егемен елдіктің қадыр-қасиетін дәл өздері сияқты жан-тәнімен сезініп, мемлекеттік тудың жоғарыдан жебіреп тұруына жастық жігермен атсалысады деген үмітпен келешекке зер салуда.
Арман ҚАНИ, Қайролла КӘЖЕНОВ, 1969-1970 жылдардағы «Жас ұлан» ұйымының белсенділері. Павлодар қаласы.