17.02.2022, 20:42

«Митингке шыққандардың бәрі лаңкес пе» – Президент жауабы

akorda.kz
Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» телеарнасына берген сұхбатында қаңтарда митингке шыққандар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтар қасіретіне» келейік. Жыл басындағы қанды оқиға, өкінішке қарай, көп адамның өмірін жалмады. Митингке шыққандардың бәрі лаңкес пе? Негізі, адамдар басында бейбіт шеруге шықты емес пе?», - деп сұрақ қойды журналист Жайна Сламбек.

«Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылықтарын білдірді. Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингке қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды. Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі», - деп жауап берді Қ. Тоқаев.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.