23.02.2022, 09:40

«Таяқтың бір ұшы Қазақстанға қатты тиюі мүмкін» – сарапшы

ulysmedia.kz
Путин Украинаны «большевиктер кезіндегі Ресей құрған мемлекет» деп атады. Ал Украина президенті оккупацияланған облыстар Украина жері болып қала беретінін мәлімдеді.

Украина мен Ресей арасындағы жағдайдың ушығуы, Ресейдің Украинаның екі облысының егемендігін мойындауы, Батыс елдері тарапынан Ресейдің бұл әрекетіне салынуы мүмкін санкциялары...  Геосаясаттағы өзгерістер Қазақстанның экономикасына қалай әсер етеді?

ПУТИННІҢ ҚАДАМЫ

Еске сала кетсек кеше Ресей президенті Владимир Путин «Донецк Халық Республикасы мен Луганск Халық Республикасының егемендігін мойындау туралы» жарлыққа қол қойған. Оның алдында өз халқына үндеу жасаған Путин Украинаны «большевиктер кезіндегі Ресей құрған мемлекет» деп атады. Ал Украина президенті оккупацияланған облыстар Украина жері болып қала беретінін мәлімдеді.

Сарапшылардың айтуынша, Путиннің жарлығына байланысты Батыс елдері санкциялардың жаңа пакетін жариялауы мүмкін. Ал геосаяси жағдайдың осылай ушығуы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Біз бұл сұрақты экономист Жарас Ахметовке қойып көрдік.

САНКЦИЯЛАР САЛМАҒЫ

«Егер Путиннің қадамы осымен шектелсе, Батыс елдері тарапынан үлкен санкциялар салынбайды. Ондай жағдайда біздің экономика да аса зор зардап шекпеуі мүмкін. Иә, белгілі бір салаларда қиындық болады. Бірақ ары бармайды. Ал егер Ресей Донецк пен Лугансктың аумағын кеңейтуді жөн деп шешсе,  мұның арты үлкен санкцияларға апарып соғып, таяқтың бір ұшы бізге де қатты тиюі мүмкін. Өйткені, санкциялар айналып келіп, теңгеге қысымын күшейтеді де, Қазақстанның сауда-саттық жағынан да мүмкіндіктері шектеледі. Қанша дегенмен, Қазақстан импортының транзитінің басым бөлігі Ресей аумағы арқылы өтеді. Теңіз порты, теміржол, көлік транзиті болсын – санкциялар салынса мұның салмағы экономикамызға ауыр болуы ықтимал», - дейді экономист.

Жарас Ахметов «ДХР мен ЛХР – соғыстың басталғаны кезеңі емес, ескі оқиғаның жалғасы екенін» айтады. Экономистен сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің экономикалық қарым-қатынасында қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін сұрап көрдік.

«Өнеркәсіп, өндіріс, транзит болсын бәрібір – Ресей Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі. Алдағы жылдары екі елдің экономикалық қарым-қатынасында қандай да бір өзгерістер болады деп ойламаймын. Екінші жағынан Донецк пен Луганскты мойындаудың күн тәртібінде саяси және экономикалық себебі болмаған. Алайда ондағы билік осы қадамға барды. Сондықтан алдын ала болжам жасау мүмкін емес. Қазақстан мен Ресейдің экономикалық қарым-қатынасының болашағына келгенде, сол мәселе қаралған тұста Путиннің көңіл-күйі қандай болатынын бір құдай біледі», - деп түйді экономист.

                                                                                                      ulysmedia.kz

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.