$ 498.34  519.72  4.85

«Бомбадан қорғайтын жерге дереу жету керек»: Қазақстанның Украинадағы елшілігі шұғыл мәлімдеме жасады

Ауыз су мен азық-түлікті алдын ала жинақтауға тырысыңыз

Қазақстанның Украинадағы елшілігі сол елдегі қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары! Әскери қауіпке байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына жергілікті атқарушы органдардың нұсқауларын қатаң түрде орындауды, оның ішінде жақын маңдағы паналау орнына (бомба баспанасы, жерасты өткелі, жертөле, жерасты тұрағы, жерасты тоннель және т.б.) дереу жетуді ұсынамыз. Қауіпті сәтте сіз тұрғын үй-жайда қалсаңыз, жарықтандыруды толығымен өшіріп, терезелерге жақындамаңыз және ең қауіпсіз орында болыңыз. Ауыз су мен азық-түлікті алдын ала жинақтауға тырысыңыз", – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бүгін Ресей президенті Владимир Путин Украина аумағында арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдағанын айтты.

Осыған байланысты Украина президенті Владимир Зеленский ел халқына үндеу жариялап, Украина аумағында әскери жағдай режимі енгізілгенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстан Украинадан ел азаматтарын эвакуациялап жатыр. Украинадағы күрделі жағдайларға байланысты қазіргі уақытта сол елдегі ҚР азаматтарына тұрғылықты жерлерінде болу және ҚР елшілігімен және консулдықтарымен тұрақты байланыста болу ұсынылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары