$ 444.32  473.33  4.76

«Көктемнің алғашқы күні бастау алып жатқан оң үрдісті жақсылыққа жориық» - Расул Жұмалы

Партия басшылығының ауысып, заман талабына сай өзгере бастағаны соның айғағы.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен билеуші партияның кезектен тыс сьезі болып өтті. “Қанды қаңтар” оқиғаларынан кейін президент елдегі барша саяси институттарды, оның ішінде Nur Otan-ды жаңартуға мықтап кіріскені белгілі. Партия басшылығының ауысып, заман талабына сай өзгере бастағаны соның айғағы.

Онсыз орын алған қасіреттің алдағы уақытта қайталануына жол бермей, әділ де гүлденген қоғамға қол жеткізу мүмкін емес. Тиісінше “Жаңа Қазақстан” тұжырымдамасы халық игілігі тұрғысындағы нақты істермен ғана баянды болмақ. Алайда аталған міндет кейбір шолақ белсенділердің айтуынша қолда барды түгелімен ысырып қойып жоқтан бастаумен немесе құр айқайшылдықпен шешілмейді. Қайта елді жікке бөліп әлсіретіп қазіргі кезеңнің іштегі де, сырттағы сын-қатерлеріне төтеп беруге кедергі келтіреді.

Бұл тығырыққа терейтін жол екенін Алаштың кешегісі мен Ресейдің бүгіні көрсетті. Олай болса еншіміздегі мирасты талан-таражға салмай сақтап, керек болса кемшін тұстарын түзетіп келер ұрпаққа тапсыру керек. Партияның жаңаша “AMANAT” деп аталуы мен осы абыройлы міңдеттің, сондай-ақ сайлаушылардың аманатын орындау арасында айқын үндестік байқалады.

Партияның қайта құру бағдарламасына тоқталар болсақ, ол нақты әрі жан-жақты, сонымен қатар кез-келген қатардағы мүше мен азамат бақылай алатын шаруалар жоспары болып табылады. Ашықтық, әділдік, мемлекетшілдік қағидаттары “AMANAT” партиясының ең төменгі бірлестіктерінен бастап Мәжілістегі фракция деңгейіне дейін бұлжытпай сақталынбақ.

Өз кезегінде бұдан былай партияның президент не төраға емес, ұлттық мүдденің, атап айтқанда “Жаңа Қазақстан” идеясының айналасында топтасуы айрықша атап өтуді қажет етеді. Себебі 30-жылдық тарихында Қазақ мемлекетіндегі партия атаулылар негізінен жекелеген көшбасшылардың райына қарай құрылып, елден гөрі солардың сөзін сөйлеп келді. Мейлі билікте болсын иә оппозиция қанатында болсын. Ал енді осындай ойын ережелеріне икемденген ортада нағыз саяси бәсекелестік пен демократияның орнауы екіталай. Олай болса Қазақтың қоғамдық алаңында орын тепкен саяси күштер ескі алыс-жұлысты, бір-бірін қаралауды қойып, жаңашылдық талабына сай бой түзегені абзал. Көктемнің алғашқы күні бастау алып жатқан оң үрдісті жақсылыққа жориық.

Расул Жұмалының facebook парақшасынан

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары