Сапасыз интернет үшін ұялы байланыс операторларына салынатын айыппұлды ұлғайтуды және қызмет көрсету ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастыратын заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжілісте "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды.
"Пандемия және халықтың қашықтан жұмыс режиміне көшуі кезеңінде байланыс қызметтері сапасының маңыздылығы артты, ол халықтың шағымдарының артуынан байқалады. ӘҚБтК-нің 637-бабы "Байланыс саласындағы заңнаманы бұзуға" сәйкес ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұл 100 АЕК, жыл ішінде қайталап жасалған заңбұзушылыққа - 200 АЕК. Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі заңбұзушылық дерегін мойындаған жағдайда 50 пайыз, яғни 50 не 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге құқылы.
Операторларға қосымша жабдық орнатудан немесе желіні басқа жолмен дамытудан гөрі айыппұлдың жартысын төлеу ыңғайлы. Сайып келгенде, байланыстағы барлық қолайсыздық тарифті толық төлеп, оператор алдындағы міндеттемелерін тұрақты орындайтын абоненттерге әсер етеді", - деді депутат Жанна Телпекбаева.
Жаңа заң жобасында айыппұлдар 1000 АЕК-ке дейін және қайта бұзғаны үшін 1500 АЕК-ке дейін ұлғайтылған.
Депутаттың айтуынша, бұл азаматтарды қорғауға және ұялы байланыс операторлары арасындағы бәсекелестікке қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.