Түрмеде жатқан Мұратхан Тоқмәди Президент Қ.Тоқаевтың атына хат жазыпты. Хатында ол «менің кінәм жоқ, Мәсімов пен оның адамдары істемеген қылмысты күшпен мойындатты» дейді. Хаттың көшірмесін ҚазТАГ редакциясына Тоқмәдидің әйелі әкеліп берген, деп жазады nege.kz.
«Мен, Мұратхан Тоқмәди – Қазақстан Республикасының азаматы, спорттық-қоғамдық еңбек жолыма 40 жыл болды. Ағаш шеберінің шәкіртінен бастап екі зауыттың қожасы, «Алтын Сапа» иегері атандым», – деп бастаған М.Тоқмәди одан әрі өзін «саяси тұтқын» деп атап, Мәсімов пен оның адамдарынан қалай теперіш көргенін тізбелейді.
Тоқмәдидің айтуынша, ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақов жетекшілік жасаған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы (ҰҚК/ІІМ/БП) оның жеке басына, отбасы мүшелеріне, жақындарына қысым көрсеткен.
«Қорқытып-үркіту, ұрып-соғу, отбасыма моральдық-психологиялық қысым жасау арқылы 20-30 бұрынғы қылмыстық істі бұрмалап мені айыптап, үш қылмыстық істі жұбайымның үстінен қозғап, жақындарымды тұтқындап, олар мені кінәні мойындауға және процесуалдық келісім (ПК) жасауға «көндірді».
Олардың талабы бойынша мына нәрселерді мойындауым керек болды: 1) С.А.Непропекиннің бұрынғы әріптестерін 2004-2005 жылдары бопсалау; 2) Мұхтар Әблязовтың тапсырысымен Ержан Тәтішевті өлтіру. Бұл жерде Непропекин тек істі саясиландыру үшін ғана қажет болды. Олар «бізге сендер керек емессіңдер, бізге Мұхтар Әблязов керек» деп айтты», – дейді М.Тоқмәди.
Бұдан әрі хат иесінің уәжі мынадай: «Мені процесуалдық келісім жасауға «көндіру» үшін олар қинап қана қоймай, мені ҰҚК госпиталінің психиатриялық бөліміне жатқызып, «пихатропты терапияның» толық жиынтығын пайдаланды.
Осындай режимде төрт ай жатқан соң, «әйеліңді 15 жылға қамаймыз, кіші балаларыңды балалар үйіне жібереміз» деп қорқытқан соң 2017 жылдың 18 қарашасында процесуалдық келісімге қол қоюға мәжбүр болдым.
Алайда процесуалдық келісім арқылы жазаны жеңілдетеміз дегені өтірік болып шықты...».
Бизнесменнің жазуынша, жұбайы Президенттің атына төрт мәрте хат жазған. Кезекті хаттан соң Бас прокуратура өтінім жасап, жаза мерзімін бар-жоғы алты айға қысқартқан.
«2021 жылдың 24 қарашасында 5 жылда бірінші рет әйеліммен кездестім. Ол «ҰҚК-ден сәлем айтты, егер сен тыныш жүрмейтін болсаң, түрмеден ешқашан шықпайсың» деп ескертті деді. Сізге хат жолдауға талпынғаным үшін мені екі рет бір апталық карцерге жіберді. Сондықтан да бес жылдан кейінгі алғашқы кездесуде жұбайым екеуіміз сізге, құрметті президент, хат жолдаймыз деп шештік», – депті М.Тоқмәди.
Тоқмәдидің айтуынша, мұның бәрін Мәсімов бастаған ҰҚК қызметкерлерінің тобы, Бас прокуратура мен ІІМ-нің көмегімен жасаған. «Олардың мақсаты – Н.Назарбаевтың басты жауы М.Әблязовті экстрадициялау» дейді Тоқмәди.
Тоқмәди хатын «Шыншылдық пен әділет – әр адамға қажет қасиет!» деп қорытыпты...