Бас прокуратура қаңтар оқиғасына байланысты Мәжілісте арнайы бейнеесеп әкеліп көрсетті.
"Азаматтар тергеудің қалай жүріп жатқан, адам өлімінің мән-жайын, азаптауға қатысты тергеудің қаншалық объективті жүріп жатқанын білгісі келетінін түсінеміз. Бүгін осы сұрақтардың бәріне жауап беруге тырысамын", - деді бас прокурор Берік Асылов.
Мәжілісте арнайы көрсетілген видеода қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік хронологиясы көрсетілген. Роликте наразылық шарасы Маңғыстау облысында басталғаны, артынша өзге қалалар қолдау көрсеткені жазылған.
Бас прокуратура мәліметінше, Алматыда 30 мың адам шыққан.
"Бейбіт митингті лаңкестер өз пайдасына асыруға тырысты. Жолдарға тосқауыл қойылды. Олар халықты арандатып, қылмыстық әрекеттерге итермеледі", - деп жазылды видеода.
Бас прокурордың айтуынша, бейбіт жиын агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өткен.
«Қазақстан тәуелсіздік жылдарында мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болып отыр. Енді «қасіретті қаңтардың» артта қалған күндерін мұқият саралап, тиянақты бағалауға болады. Митингтер бастапқыда бейбіт болғаны түсінікті, 1 қаңтардан бастап Батыс Қазақстан өңірлерінің тұрғындары газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни, ешқандай саясат болған жоқ, экономикалық талаптар қойылды.
Үкімет комиссиясы газ бағасына қатысты талапты қанағаттандырды. Осыған қарамастан Алматы, Шымкент секілді өзге де қалалар мен өңірлерде жұрт көшеге шықты. Қатысушылардың саны 2 күнде 50 мыңнан асты. Ең көбі – Алматыда. Басында жиын бейбіт сипатта басталған. Кейін жағдай бақылаудан шықты. 3-5 қаңтар аралығында Мемлекет басшысы демонстранттарға үндеу жолдады», - дейді ол.
Оның айтуынша, осыған қарамастан радикалдық элементтер белсенді, қатаң әрекетке көшкен. 4-5 қантарда жиын агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өтті.
"Олар көп адамды жинап алып, арматура, таяқ, тас, Молотов коктейлімен қаруланды. Кейіннен топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кірісті. Тонаудан кейін, қылмыстың ізін жасыру үшін, тіпті көп пәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй-жайларды өртеген. Басқа қарулы топтар мақсатты түрде, әкімдіктердің, Президент Резиденциясының, полицияның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Алматыдағы әуежай мен басқа да нысандарды қиратты. Олар қоршауды қалай бұзу керектігін біліп, полицияға шабуыл жасады, атыс қаруын алу үшін, аңшы дүкендерін тонады, - деді Асылов Мәжілісте.
Оның айтуынша, телеэфирге шығуға тырысты, ол іске аспай қалған кезде, телекомпания кеңселерін тонап, өртеп жіберді", дейді ол.
Сонымен қатар Бас прокурор Берік Асылов Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҚ әскері лаңкестікке қарсы операцияға қатыспағанын атап өтті.