Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен және Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовты Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, Түркіменстанның игілігі мен өркендеуі жолындағы оның аса жауапты мемлекеттік қызметіне мол табыс тіледі.
Тараптар екі ел халықтарының арасындағы көп ғасырлық достыққа, тату көршілік пен өзара қолдауға негізделген байланыстарды жалғастыра отырып, Қазақстан мен Түркіменстанның стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.
Қазақстан Президенті Түркіменстан басшылығының қуатты әрі өркендеген мемлекет құру жөніндегі стратегиялық бағдарының сабақтаса жалғасатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовты елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовты де сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, дауыс берушілердің іс-шараға белсенді қатысқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың бауырлас екі ел арасындағы достықты, тату көршілікті және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Гурбангулы Бердімұхамедовтың саяси әрі өмірлік мол тәжірибесі Түркіменстанда және одан тыс жерлерде кеңінен сұранысқа ие бола беретініне сенім білдірді.