$ 447.4  477.55  4.76

«Жаңа облыстардың құрылуы тарихи санамызды жаңғыртатын үлкен қадам болды» – Аманжол Әлтаев

Кейінгі отыз жылда мұндай өзгерістер болды ма? Әрине, болған жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауы Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған. Жолдаудың көпшілік көңілінен шыққан шыққан тұсы Президенттің Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарын құру туралы ұсыныстары.  Белгілі ақын әрі Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев та мемлекет басшысының бұл шешімін халыққа жаңаша серпін әкелген қадам болды деп есептейді деп хабарлайды, Skifnews.kz ақпараттық порталы.

«Президенттің бүгінгі кешенді түрде саяси реформа жасауға бағытталған Жолдауы халықтың көңілінен шығатын, үмітімізді ақтаған бірнеше жаңалықтарға толы Жолдау болды. Біз – әлемдік ондыққа кіретін, ұлан-байтақ аймақтың иесіміз. Ұшса құс қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы талатын байтақ даламызда бүгін үлкен жаңалық болды. Президент бұрынғы Жезқазған облысының негізінде Ұлытау облысын құруды, бұрынғы Семей облысының негізінде Абай облысын құруды және Қапшағай қаласының негізінде Жетісу облысын құруды қуанышпенен хабарлады. Расымен де халқымыз көптен күткен керемет қуаныш болды деп ойлаймын. Өйткені үш облысты қайтадан жаңадан ашу осы аймақтардағы халықтың, еліміздің, қаншама елді мекендердің экономикалық жағдайының өсуіне, әлеуметтік жағдайының көтерілуіне, тіпті керек десеңіз, ұлттық намысының биіктеуіне, ұлттық рухының асқақтауына үлкен серпін берді. Бұрын халық Жезқазғанның Ұлытауынан Астанаға келуі үшін я болмаса Қарағандыдан облыс орталығына келу үшін 500-700 шақырым жер жүріп келетін. Ал ендігі уақытта олар іргесіндегі Ұлытау облысының орталығына барып, өзінің түрлі жағдайларын алысқа шапқыламай-ақ шеше беретін болады.

Семей облысы да солай. Қарап отырсақ, Ұлытау, Абай, Жетісу облысы деген атауларды беруі де тегін емес. Ұлытау – Алаш баласының үлкен келелі жиында мемлекеттік, ұлттық, елдік мәселелерді көтерген қасиетті жері, қазақ халқының тарихи сахнасында үлкен орталыққа айналған біздің қасиетті талбесігіміз, қазақ хандарын ақ киізге отырғызып, хан сайлаған, бүкіл ұлттың ұйысқан жері, ұлттың тұғыры, алтын бесігі. Сол Ұлытауды облыс атауына беруі еңсемізді көтеретін, ұлттық, тарихи санамызды жаңғыртатын үлкен қадам болды», - дейді Аманжол Әлтаев.

Сондай-ақ депутат Абай облысының атауына қатысты да пікірін білдірді. Оның ойынша, бұл жаңалық Жаңа Қазақстанды жаңғыртуда оптимистік серпін береді.

«Ал енді Абай облысына келетін болсақ. Абай – адамзат баласының дамуындағы ақыл-ойдың биігі. Сондықтан әлемдік деңгейдегі данышпандықтың шыңына көтерілген хакім Абайдың есімін ұлықтап, бүгінгі жас ұрпақтың санасын сіңіруге мүмкіндік сыйлайды. Осы облыс атауы Абай атымен аталуының өзі халықтың ой-санасын жаңғыртып, жақсы істерге, Жаңа Қазақстанды жаңғыртуда оптимистік серпін береді деп ойлаймын. Бұрынғы Жезқазған облысының да, Семей облысының да қаншама жылдар бойы еңсесі түсіп кетіп еді. Халықтың көшу урбанизаиясы тоқтамай, басқа облыс орталықтарына қоныс аударып, аймақтардың экономикалық, әлеуметтік тұрғыда дамуы іркіліп қалған еді. Енді қайтадан облыс орталықтарының ашылуына байланысты тамырларына қан жүріп, үлкен өрлеу кезеңін бастайды деген ойдамын», -дейді сарапшы.

Сонымен қатар Аманжол Әлтаев биылғы Жолдаудың жаңалықтарға толы болғанын айтты.

«Биылғы Жолдаудың ерекшеліктері өте көп. Біріншіден, мемлекетімізді реформалаудың кешенді нұсқасын ұсынып отыр. Суперпрезиденттіктен Парламенттік басқару жүйесіне ұсынуы, алдағы уақытта, президент өкілеттілігін қысқартып, Парламент өкілеттілігін күшейтуге назар аударды. Әділетті қоғам орнатуда, Жаңа Қазақстан құруда үлкен септігін тигізетін нық қадамдар жасалды деп есептеймін. Кейінгі отыз жылда мұндай өзгерістер болды ма? Әрине, болған жоқ. Облыстардың қайтадан ашылуы, сот жүйесіндегі, құқық қорғау саласындағы реформалардың барлығы жаңа өзгерістерге, жаңалықтарға жетелейді» , - деді депутат.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары