$ 443.35  475.54  4.82

Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады

Әз Наурыз - береке-бірліктің, шынайы жанашырлықтың және өзара қамқорлықтың мейрамы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының «Астана»алаңында өтетін мерекелік іс-шараға қатысып, барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. 

Мемлекет басшысы, бұл мейрам ежелден жақсылық пен жасампаздықты дәріптейтін ұлық мереке екенін атап өтті. 

«Күн мен түн теңеліп, күллі табиғат қайта жаңаратын әз Наурызды қарсы алуға бабаларымыз ерекше мән берген. Жыл басын - Ұлыстың ұлы күні деп ардақтаған. Әз Наурыз - береке-бірліктің, шынайы жанашырлықтың және өзара қамқорлықтың мейрамы. Мен бүгін Ұлыс күнін өздеріңізбен бірге қарсы алу үшін Алматыға арнайы келіп отырмын. Алматы - Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Халқымызға қайта оралған Ұлыс тойын мерекелеу осы қастерлі мекеннен басталды. Алматы - қазақ елінің рухани, мәдени және іскерлік орталығы» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар мемлекет басшысы мереке кезінде Алматыға келіп, тұрғындармен бірге болғанына қуанышты екенін айтты.

"Құрметті алматылықтар, мереке күндері сүйікті қаламызда сіздермен бірге болғаныма қуаныштымын. Осынау қиын жылда Наурыз мерекесін әрқайсымыз ерекше үмітпен, жақсылыққа деген сеніммен қарсы аламыз. Қаңтарда біздің қала қарақшылар мен лаңкестердің ауыртпалығын өз мойнына алды. Жазықсыз адамдар өліп, жапа шекті. Қала инфрақұрылымына үлкен зиян келді. Бірақ алматылықтар мемлекеттігімізге бұрын-соңды болмаған қатер төнген кезде селт етпеді. Бүкіл ел болып сын сәтте бас қосты. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы арқасында бұл сынақтан да өттік. Осы үшін сіздерге алғыс айтамын", - деп атап өткен Мемлекет басшысы алматылықтар мен барша қазақстандықтарды «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға шақырды.

"Алдымызда ауқымды реформалар, Жаңа Қазақстанның құрылысы тұр. Сіздермен, жастармен бірге біз міндетті түрде жаңа елді, жаңа Қазақстанды, екінші республиканы саламыз. Біздің қолымыздан келеді!", - деді Президент.
 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары