25.03.2022, 23:40

Ердоған Путин мен Зеленскийді келіссөздерге тартуға өзі кіріседі

Путинмен келіссөздер демалыс күндері немесе келесі аптаның басында болуы мүмкін.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Брюссельдегі НАТО саммитінен кейін журналистерге берген сұхбатында Ердоған алдағы күндері украиндық және ресейлік әріптестерімен сөйлесетінін айтты.

- «Бүгін Зеленскиймен сөйлесемін. Путинмен келіссөздер демалыс күндері немесе келесі аптаның басында болуы мүмкін», - деді түрік басшысы.

Ердоған Түркияның географиялық жағдайына және Ресей-Украинамен қарым-қатынасына байланысты бұл қақтығыста ерекше орынға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ Түркияның энергияға мұқтаждығы мен ынтымақтастығы себепті Ресейге санкция сала алмайтынын мәлімдеді.

- «Біз тұтынатын табиғи газдың жартысына жуығын Ресейден сатып аламыз. Сонымен қатар, біз «Аккуй» атом электр стансасын Ресеймен бірге салып жатырмыз. Оны жай қоя алмаймыз. Сондықтан бұл жерде ештеңе істеуге болмайды. Біріншіден, мен өз халқымды қыста суықта қалдыра алмаймын. Екіншіден, өнеркәсіпті тоқтата алмаймын», - деп түсіндірді Ердоған.

Бұған қоса, Түркия президенті украиндық және ресейлік келіссөзшілер бейбіт келіссөздер барысында алты негізгі мәселенің төртеуі бойынша келісімге келгенін, бірақ шығыстағы Донбасс пен Қырым аймағына қатысты аумақтық даулар әлі шешілмегенін баса айтты.