Танымал қазақстан желаяғы Марат Жыланбаев Екібастұз мәслихатының депутаты болған кезіндегі алтын төсбелгісін сататынын айтты, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Желаяқ төсбелгісі сатылатынын Facebook және Instagram-парақшаларында айтты. Жыланбаевтың сөзінше, төсбелгі бастапқы баға бойынша 100 мың теңгеге сатылады.
Спортшының айтуынша, алты грамдық 375 сынамалы төсбелгіні 2003 жылы Екібастұз мәслихатының депутаты болып тағайындалған кезінде алған.
"Бұл төсбелгілер қандай ақшаға сатып алынғаны мен үшін әлі жұмбақ. Заң бойынша мәслихат депутаттарына төсбелгі берілмеуі керек. Бірақ ол кезде 17 екібастұздық депутатқа алтын төсбелгі берді. Оған біз төлеген жоқпыз. Қазір оны тақпаймын, тағуға себеп те жоқ, оның үстіне бұл төсбелгі жағымсыз естеліктерді еске салады. Сондықтан сатылымға қойдым", - дейді Жыланбаев.
Спортшының жағымсыз естелік деп отырғаны - 2006 жылы болған оқиға. Сол жылы Екібастұзда тәжірибе ретінде депутаттарға қала әкімін сайлау ұсынылған болатын.
"Біз халық сенетін, құрметтейтін әкімді таңдаймыз деп өзара келіскенбіз. Әркім өз округінде халықпен сөйлесіп қайтты. Барлық округтегі халық Валерий Набитовскийді әкім етіп сайлауды сұрады. 17 депуттаттың 16-сы сол кісіге дауыс берді. Бірақ артынша қысым көрсетіле бастады, басқа адамды таңдау үшін директива жіберілді. Қылмыстық іс қозғалуына дейін барды. Сайлау әділ өтпеді, сол кезде мен және үш әріптесім депутаттықтан бас тарттық. Ал төсбелгі менде қалып қойды, себебі оны ешкім қайтаруды сұрамады", - дейді желаяқ.