Жамбыл облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаев өңір тұрғындарымен қоштасты. Көңілі босаған шенеунік қоштасу кезінде көз жасына ерік берген, деп хабарлайды Stan.kz.
Халықпен қоштасу видеосын Instagram желісінде облыс әкімінің баспасөз қызметі жариялады. Әуежайда бұрынғы басшы өзін шығарып салуға келген жұртшылық алдында сөз сөйледі. Сапарбаев оларға өзінің және отбасының атынан алғыс айтып, кешірім сұрады. Бір сәтте экс-әкім тіпті жылап жіберді.
"Мені қолдап, бүгін келгендеріңізге рахмет. Кішкене қателіктер болса кешірерсіздер. Халықтың жағдайы дұрыс болсын деп жұмыс істедім", – деді экс-әкім.
Өзін бұлай шығарып салатынын күтпегенін де Сапарбаев айтып өтті.
Еске салсақ, Бердібек Сапарбаев 2020 жылдың ақпан айынан бері Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарды. 2022 жылғы 7 сәуірде мемлекет басшысының жарлығымен ол қызметінен босатылды. Жамбыл облыстың жаңа әкімі болып Нұржан Нұржігітов тағайындалды.