$ 494.87  520.65  4.91

«Біздің шенеуніктер «Ажалсыз полк» шеруінің астарында КСРО-ны қайта тірілту саясаты жатқанын түсінбейді» - Арман Қани

Бұл шеру биыл астанамыз бен облыстар орталықтарында өткізілсе Ресейдің Украинадағы басқыншылық жорықтарын насихаттау іс-әрекеттеріне ұласуы мүмкін.

Алда – 9 мамыр! Абайлайық...

Өз басым кейінгі жылдары   Жеңіс   күнін  алаң көңілмен  қарсы алатын болдым. Өйткені қазіргі кезде 9 мамыр мерекесін  өткізу ережесі  Кеңес үкіметі кезеңіндегідей емес,  елеулі өзгеріске түскен. «Ажалсыз полк» бұрын жоқ еді, қазір бар. Кеңестің қызыл тулары мен екінші дүниежүзілік соғыстағы майдандар байрақтарын желкілдете көтеріп, кернейлеткен шерушілердің арасында бірде-бір майдангер жоқ. Есесіне 1980 жылдары Ауғанстанға  басып кірген Кеңес әскерлерінің   ардагерлері бар...

Дәл сол күні  КСРО-ның әскери айбынын асқақтатуды көздеген  шенеуніктер  алаңдарда милитаризмді дәріптейтін  театрланған көріністер ұйымдастыратынын өздері сезбейді.  (Немістердің «фольксваген» автокөлігіне Кеңес танкісіндегі сияқты мұнара орнатып, бүйіріне «На Берлин», «Русские непобедимы» деген  жазулар жазып шеруге шыққандарды да  көзіміз көрді).   Сепаратизмнің белгісіне айналған георгий таспаларын омырауларына іліп, майдангерлердің портреттеріне байлаған  мыңдаған тұрғындар дәл сол күні  лек-лек болып көшелерде жөңкіледі. Сол күннің қарсаңында балабақшаларда өтетін  жарты сағаттық мерекелік шара үшін   ата-аналар  өз  бүлдіршіндеріне   әскери киім тігуге міндеттенеді...  

Бұл шеру биыл  астанамыз бен облыстар  орталықтарында өткізілсе Ресейдің Украинадағы басқыншылық жорықтарын насихаттау іс-әрекеттеріне ұласуы мүмкін.  Жай күндердің өзінде автокөліктерінің терезе шыныларына  «Z», «V» белгілерін жапсырып алған сепаратистік пиғылдағы азаматтар 9 мамырда әдеп сақтай ма, қазақстандық заңды құрметтей ме?..

Мемлекеттік мереке күнгі ресми шарада ондайлар ойындағысын істесе, бейбітшіл еліміздің абыройына масқара таңбасы басылмай ма? Онсызда Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы  мәселесіне келгенде бүгежектеп жүрген жоқпыз ба?..

Мұндай әрекеттер, әсіресе,  Өскемен, Павлодар, Петропавл, Қостанай қалаларында көрініс береді деген ойдамын. Ресейдің империяшыл саясаткерлері еліміздің тарихи аумақтық біртұтастығына күман келтіргенде   мемлекет құраушы ұлттың үлес салмағы басымдыққа ие емес әрі РФ мен шекаралас  дәл осы өңірлерді алға  тартады ғой...

Ендеше, ақ жағалы ұлықтарымыздың құлағына алтын сырға. Біз қауіп қылған соң айтамыз. Абайлайық...

Журналист, ақын Арман Қанидың facebook парақшасынан    

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары