Қазақ халқының егемен елдікті қорғауға бағытталған ұлы күресі бірнеше ғасырға созылды. 1643-1759 жылдар аралығындағы жоңғар хандығының шапқыншылық жорықтарына қарсы қорғаныс шаралары сол күрестің құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақ-қалмақ әскерлері арасындағы шайқастар Ертістің Кереку-Баянауыл өңірінде де өтті. Тарихи деректерге қарағанда, 1741 жылдың көктемінде Олжабай батыр бастаған қазақ қолы жоңғар әскерлерін Баянауылдан ығыстырып шығарыпты да, соңынан қуып отырып 60 шақырым қашықтықтағы Серектас тауы бөктерінде күйрете соққы берген. Сол кезден бастап әлгі тау Қалмаққырған атанған. Қалмаққырған тауы қазіргі кезеңде Павлодар облысы Май ауданы Ақшиман ауылдық кеңесінің аумағына қарайды.
Шайқас жөнінде азды-көпті ғылыми зерттеу еңбектері, мақалалар, әңгімелер, поэмалар, өлеңдер жарық көрді, жергілікті зерттеушілер Ресейдің Омбы қаласы мемлекеттік мұрағатынан Қалмаққырған шайқасы жөніндегі деректерді, шайқасқа қатысқан тұлғалар жайындағы мәліметтерді, екі ел әскерлерінің іс-қимыл әрекеттері сызылған картаны тауып жариялады. Сондай-ақ ғылыми конференциялар өткізілді, қысқа метражды деректі фильм мен телехабарлар түсірілді, театрланған көріністер мен басқадай шаралар ұйымдастырылды. Бұл бағытта Торайғыров университетінің әкімшілігі бастамашылдық танытып, ауқымды іс-шаралардың ұйтқысы болғанын атап өту абзал.
Кезінде Май ауданы әкімдігі Ақшиман ауылы жанындағы төбеге кішігірім ескерткіштің орнатылуын мақұлдаған болатын. Ондағы ақ мәрмәр тақтаға мынадай мәтін түсірілген:
«Осы жерде ХYІІІ ғасырда Олжабай батыр бастаған қазақ қолы қалмақ басқыншыларын ойсырата жеңіп, қазақ жерлерінің тұтастығын және еріктілігін қорғап қалды».
Бұдан соң Торайғыров университеті Ақшиман ауылы мен Қалмаққырған тауы арасындағы шайқас өткен жерге таудың табиғи тасынан ескерткіш орнатты. Онда латын қаріптерімен: «Бұл жерде ХYІІІ ғасырдағы ел басына күн туған қилы заманда қазақ халқының тағдыры шешілген тарихи қазақ-қалмақ шайқасы болған. С. Торайғыров атындағы ПМУ 01 қараша 2019 ж. » – деген сөздер жазылған.
Иә, Қалмаққырған шайқасында жат жұрттықтардың әскерлеріне ойсырата соққы беріп, екі ғасырдан астам уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысының еліміз үшін жеңіспен аяқталуына айтулы үлес қосқан баһадүр бабаларымыздың ерлігін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтарының азаматтық парызы. Қазақ-жоңғар соғысы тарихында Қалмаққырған шайқасының маңызы елеулі, жас ұрпақтың санасында тарихи таным шеңберін кеңейте түсуге, мемлекетшілдік сезімін қалыптастыруда мәні зор. Өнегелі іс жалғасын табуы керек. Енді егемен елдікті қорғау мүддесін жалаулатып, қанды қырғынға қатысқан сарбаздар мен шаһит болған боздақтардың рухын құрметтеп, Ақшиман ауылы орталығында кешенді ескерткіш орнатсақ – нұр үстіне нұр болар еді.
Егер осы жоба қолға алынса қоғамдық ұйымдар мен қорлар, меценат мырзалар мен қалталы кәсіпкерлер, тіпті қатардағы азаматтар да қаржылай қолдау көрсетеді деген үміттеміз. Кешенді ескерткіштің орнатылуына облыс әкімі мен Май ауданы әкімі қарсы болмас.
Алайда, наразылық танытатындардың бой көрсететінін алдын ала айтайын. Олар –патшалық-кеңестік кезеңді көксейтін шовинистік, нигилистік ұстанымдағы топтар және солардың ықпалында жүрген журналистер, блогерлер. Мысалдар келтірейін. 2012 жылы Павлодардағы ескі мұсылмандар зиратының жанында ашаршылық құрбандарына кешенді ескерткіш орнатылып еді, әлгілер шу ете түсті! Өйткені Кеңес одағы билігінің қазақ халқына жасаған зорлық-зомбылығын, жүргізген озбыр саясатын жұртшылыққа жария ететін іс-шараларды сұхбаны сүймейді. Олар тіпті 2011 жылы облыстық мәслихат бекіткен облыстың логотип таңбасын қолданыстан алғызып тастауға әрекеттенді! Мемлекеттік рәміздер мен қазақ киіз үйінің шаңырағы бейнеленген, ұлттық оюмен көмкеріліп, ортасына Өлеңті өңірінде бабаларымыздың тасқа түсірген суреті салынған логотип таңба, әрине, оларға ұнамайды. Павлодарда Малайсары қолбасшы мен Баян батырға мүсін орнатылғанда әлгілер: «Халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейі төмендеген кезеңде қаржыны ескерткішке жұмсау ақымақтық!» – деп, әлеуметтік желілерден тағы шулады. Өйткені, қазақ халқының ұлттық рухының көтеріліп, мемлекетшілдік сезімінің асқақтағанын жақтырмайды.
Шовинистік, нигилистік ұстанымдағы топтарды қойшы, іштеріне бүккен сырларын айтқызбай-ақ білеміз. Бұлардан гөрі трайбализм дертіне шалдыққан қазақтар қауіптірек!!! Тағы мысалдар келтірейін. Бұдан бірнеше жыл бұрын Май ауданын Малайсары батыр ауданы деп қайта атауға бастама көтеріп, ұсынысымызға негіздеме боларлық жайттарды алға тартқанбыз. Мәселен, өзге облыстарда Бұхар жырау, Төле би, Әйтеке би, Райымбек батыр атындағы аудандар бар. Қарағанды қаласының бір ауданы Қазыбек би аталады, Қарағанды облысында 1997 жылы таратылған Қазыбек би ауданын қайта қалпына келтіру жөніндегі мәселе көптен бері көтерілуде. Жаугершілік заманынан кейінірек өмір сүрген Шал және Махамбет ақындардың есімдерімен аталатын аудандар да бар.
Солай бола тұра, рулық мүддені көздеген аудандық деңгейдегі атқамінерлер өре түрегеліп, жоғарыға арыз-шағымдарды қардай боратты! Жасыратыны жоқ, олардың арасында менімен ағайындас қаракесектер де болды. «Егер Май ауданы Малайсары ауданы аталса, бұл өңірдің бәсентиіндердің жері екені ресми дәлелденіп, біздің кірме екеніміз білініп қалады. Сондықтан орысша болса да, Май атауының сақталғаны дұрыс!» деген ірің ойды іштеріне жинағандар ақыры дегеніне жетті. Бірақ ескертейін, бұл – олардың түпкілікті жеңісі емес!..
Былтыр Баянауылда «Есімі орта жүзге ұран болған Ер Олжабай» мен сол жерде шаһит болған жас батыр Жасыбайға кешенді ескерткіш орнату ісі қолға алынып еді, тағы да шу көтерілді! Бұл жолы тіпті ру ішіндегі аталардың атқамінерлері қарсылық шараларын ұйымдастырды! Жаман ойлары белгілі: «Екі батырдың даңқы біздің аталарымыздікінен асып кетеді». Айтатыны көпшілікке аян: «Алдымен жолды жөндеңдер, кәріз жүйесін салыңдар!», тағысын тағылар. Әлеуметтік салаға жыл сайын бюджеттен арнайы қаржы бөлінетінін әлгілер білмейді емес, біледі. Әйтсе де, аса күрделі тарихи кезеңде Ертістің Баянауыл өңірін жат жұрттықтардан азат еткен қаһарман бабаларымыздың жиынтық образы сомдалған екі батырдың мүсінін орнату ісіне келгенде дұшпандық әрекеттен тайынбайды! Тым болмаса, Ұлы тәуелсіздіктің 30 жылдығы кезеңінде бірінші рет қолға алынған және ірі мецанаттар мен қоғамдық қорлар қаржыландыратын жобаға сол «шіркіндер» үлес қоспаса да, қарсылық көрсетпесе қайтеді?..
Ақыры не керек, былтыр «Рухани жаңғыру», «Мәдени мұра» бағдарламалары аясында басталған ауқымды іс ауданға жаңа әкім келген соң тоқтатылды» - деген «ұзынқұлақ» хабар бізге де жетті, соңы немен аяқталатынын көрерміз...
Облыс орталығында Тәуелсіздік монументін орнату жөнінде өз басым неше әкімге өтініш білдірдім! Тіпті ҚР Президентінің атына зиялы қауым өкілдері атынан ашық хат та жарияладық. Ең ұлы құндылығымыз, тәу етер жалғыз киеміз – Тәуелсіздік еді. Тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін түсінбейтін көзқаман дәлдүріштер: «Бәрін бітіріп, тек тәуелсіздік монументін орнату ғана қалды ма?!» – деп мысқылдады. Шовинистер: «Халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейі төмендеген қиын кезеңде монумент орнату есерлік!» – деп елірді.
Сол елірмелердің іс-әрекеттерін неге тәтпіштеп айттым? Олардан сескеніп, ескерткіш орнату мәселесін көтермей-ақ қояйықшы деген ойды меңзеу үшін емес, «Шегірткеден қорыққандар егін екпес» – деген ескі мәтелді әкім-қаралардың есіне түсіру үшін айттым...
Енді бастапқы мәселеге оралайыншы. «Қалмаққырған шайқасы өткен өңірге кешенді ескерткіш орнату керек» дедім, «Қаржы көздері табылады», «Облыс, аудан әкімдері қарсы болмас» – дедім. Шовинистер, нигилистер, трайбалистердің ұстанымын да баяндадым. Осы тұста кешенді ескерткішке қатысты тағы бір жайтты айта кету артық емес шығар. Менің пайымдауымша, ескерткіш бетіне батырлардың және қаржылай үлес қосқан азаматтардың аты-жөндерін жазу жөн болмас. Себебі белгілі. «Менің бабам да шайқасқа қатысып еді, есімі неге жазылмаған!?» немесе «Мен бала-шағамның аузынан жырып, 10 мың теңгемді қорға салып едім, менің атым неге көрсетілмеген!» – деп шу көтеріп, жоғарыға шағымданатын екі аяқты жұмыр басты пенделердің шыға келетініне сенімдімін. Шынында, Қалмаққырған шайқасына қатысқан мыңдаған сарбаздардың тек санаулысының есім-сойлары бізге белгілі. Омбы мұрағатында да толыққанды мәліметтер жоқ. «Орыс шенеуніктері жасаған тізімге енген батырлардың аты-жөнін көрсеттік қой. Қалғандарын қайдан білейік?» – деген жауап кімнің көңілін қанағаттандырады? Сонсын, ақ ниетімен бес тиындық бақыр қосса да, өз ныспысын ескерткіштен көргісі келетін азаматтарды қалай кеудесінен кері итереміз?
Ал «Анау абыройлы адам ғой, айтқаны рас шығар» деген жорамалмен немесе «Мына кісі құзіреті мол шенеунік емес пе, бабасының атын қоспасақ, сау басымызға сақина тілеп аламыз» – деген қауіппен ескерткіштің бетін кісі есімдеріне толтырып қою және жөн емес. Тіпті ұят!
Ресейде Полтава мен Бородино далаларында орнатылған монументтерге жауынгерлер мен демеушілердің аты-жөндері көрсетілмеген. Ақиқатқа жүгінсек, Кремльдегі ұлықтар мен орыс зиялылары тарихи орындарды мүсіндеме өнері арқылы әспеттеу жағынан бізден әлдеқайда ілгері екенін мойындауға тиістіміз. Солардан үлгі алсақ, несі сөкет?
Дұрысы, біздің көздеген жобамыз жүзеге асса, Қалмаққырған шайқасы туралы деректер, қолбасшылар мен батырлардың өмірбаяны, ескерткіштің авторы, демеушілер мен үлес қосқан азаматтар жайында мәліметтер және тиісті фотосуреттер мен құжаттардың көшірмелері жинақталған кітап шығару.
Ескерткіштің екі қанатына сол сұрапыл соғыста ел бастаған көрнекті қаһармандар: Бұхар мен Үмбетей жыраулардың, Тәттіқара ақынның, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, т.б. жыр-толғауларынан үзінді жазылса орынды деп білемін. Ал ортаңғы бөлігіне мынадай мәтін орналастырылса құба-құп дер едік: «Осы өңірде екі ғасырдан астам уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысының шешуші кезеңінде Қалмаққырған шайқасы өткен. 1741 жылы басқыншылардың әскерлеріне күйрете соққы беріп, егемен елдігімізді қорғаған баһадүр бабалардың рухына мәңгілік тағзым! Ұрпақтары»
Мәтінді латын қарпімен түсірген жөн бе әлде кирил қарпімен жазған дұрыс па, ғалымдар, өлкетанушылар, шығармашыл зиялылар өзара кеңесіп оң шешімін табады деген ойдамын. Мына жайттарды да айта кетейін, бөктерінде қанды шайқас өткен тау атауы бір жазбада «Қалмаққырылған», екіншісінде «Қалмаққырған» деп көрсетілген. Қайсысы дұрыс? Торайғыров университеті ғалымдары: «Бұл жерде қалмақтар өздігінен қырылған жоқ, қазақ қолы қырды» деген дәйек келтіріп, «Қалмақ (ты)қырған» атауына тоқтады. Екінші жайт, батырлар жырларында, аңыз-әңгімелерде XVIІ-XVIIІ ғасырларда қазақтармен соғысқан моңғол тілдес халықтармен қатар, сол кезеңде жоңғар хандығының құрамында болған түркі тілдес алтайлықтар да «қалмақтар» деген жалпы атаумен аталған. Алайда, энциклопедиялар мен іргелі тарихи еңбектерде «Жоңғар хандығы», «Қазақ-жоңғар соғысы» сияқты тіркестер қолданылады. Осы жайттарды да қаперде ұстасақ екен.
Біздің қолымыздан келетіні – ой-пікірімізді жұртшылыққа жариялап, ұсыныс жасау ғана. Қалғаны – ақ жағалы ұлықтарымыз бен қалталы мырзалардың еншісіне тиесілі іс сияқты...
Арман ҚАНИ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Баянауыл, Май аудандарының құрметті азаматы.