$ 494.87  520.65  4.91

Тоқаев толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы конвенцияға қол қойды

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы конвенцияға қол қойды, - деп хабарлайды Ақорда сайты.

"Мемлекет басшысы "Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны (175-конвенция) ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", - делінген хабарламада.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Аталған құжат 2019 жылғы 18 қазанда Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қолдау тапты.

«Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы конвенция 1994 жылғы 24 маусымда Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас конференциясында қабылданды. Конвенция толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін, яғни ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, ананың құқығын қорғау, жыл сайынғы ақылы демалыс беру, еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеу мәселелерін толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары сияқты қорғауды көздейді. Осы Конвенция қызметкерлер мен кәсіпорындардың жекелеген санаттарын қоспағанда, экономикалық қызметтің барлық салаларына қолданылады (Конвенцияның 3-бабы).

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарағанда, 2021 жылдың 4-тоқсанының қорытындысы бойынша әртүрлі салалардағы 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеді. Олардың жартысына жуығы аптасына 20 сағаттан аз уақыт жұмыс істеді. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы, білім және өнеркәсіп салаларында еңбек етті. Конвенцияға сәйкес «толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін» деген термин толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін және салыстырмалы жағдайда болатын қызметкердің жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан аз жұмыс істейтін жұмыскерді білдіреді.

Конвенция аясында толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлердің негізгі жалақысы сол әдістермен есептелетін толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін және салыстырмалы жағдайдағы қызметкерлердің негізгі жалақысынан кем болмауы тиіс деп көзделген. Өз кезегінде Конвенцияға ұқсас ұлттық еңбек заңнамасында қызметкерлерге еңбекақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктер қарастырылған.

Сондай-ақ құжатта толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерге ұқсас болуы керек. Бұл шарттар жұмыс уақытының ұзақтығына, жарналарға немесе кірістерге пропорционалды түрде анықталуы мүмкін. Осыған ұқсас Ұлттық еңбек және әлеуметтік заңнама толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлермен салыстырғанда толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтарын шектемейтінін атап өткен жөн.

Конвенцияны ратификациялау мемлекеттік бюджеттен теріс әлеуметтік-экономикалық салдарлар мен қаржылық шығындарға алып келмейді. Конвенцияны қабылдау толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерді кемсіту бөлігінде еңбек дауларына әкелмейді. Конвенцияны қабылдау жұмыс істейтін азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді және Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтау мен орындауға бейілділігін растайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары