Қазақстанда газды тұтыну деңгейі артуына байланысты 2025 жылға қарай көгілдір отын тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл туралы сенаттағы үкімет сағатында энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ел ішінде газ тұтыну тұрақты өсіп жатыр. Мысалы, 2017-2021 жылдар аралығында тұтыну көлемі 13,8-ден 18,6 миллиард текше метрге дейін, яғни 4,8 миллиард текше метрге өсті. Газды тұтынудың орташа жылдық өсімі шамамен 7%-ті құрайды.
"Ішкі нарықта газ тұтыну деңгейінің қарқынды артуына байланысты 2025 жылға қарай газ тапшылығы туындауы мүмкін деген болжам бар. Алайда, егер біздегі тау-кен-металлургиялық кәсіпорындар көмірден газға ауысса, онда тапшылық көрсеткіші айтарлықтай жоғары болады", - деді министр.
Болат Ақшолақов бұл жағдайда елдің ресурстық базасын толтыру туралы мәселенің өзектілігі артатынын айтты. Ол үшін барлау, өндіру және газды қайта өңдеуде, яғни газ жобалары үшін барлық кезеңде артықшылықтар қажет болады.
Сондай-ақ қазір бейіндік ведомство инвесторлардың жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындары үшін ынталандырушы бағаны ұсыну мәселесін пысықтап жатыр. Энергетика министрі тұрақты және қауіпсіз газбен жабдықтауды сақтап тұру үшін газ тасымалдау жүйесін модернизациялауға ауқымды капитал салымдарын жұмылдыру қажет екенін атап өтті.
Қарыз қаражатын тарту үшін шығынды тариф сомасына енгізу арқылы қаражат қайтуының кепілдігі қажет болады.
Сенатор Ерік Сұлтанов Қазақстанда газ тасымалдау жүйесінің 75%-і тозғанын хабарлады.
Дереккөз: sputnik.kz