Adal партиясы Amanat-қа қосылды. Amanat партиясының кезектен тыс съезінде осындай шешім қабылданды.
Басқарушы партияның кезектен тыс XXIII съезі онлайн режимде өтті. Оған барлық аймақтың делегаттары қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Ақордадан онлайн байланыс арқылы қосылды. Партия хатшысы Асхат Ораловтың айтуынша, Adal партиясының құрамында белсенді жастар көп.
"Сондықтан Adal партиясының қосылуы Amanat-тың жастар қанатының әлеуетін арттырады", - деді Оралов.
Партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері үшінші рет жиналып отырғанын жеткізді. Алдағы конституциялық реформа аясында саяси ұйымға үлкен үміт артылып отырғанын ерекше атап өтті. Ал Adal партиясының қосылуы Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірлескен әрекетті күшейтеді.
"Сондықтан Адал партиясын қолдап, онымен, біріккен жөн. Осы қадам Amanat партиясын күшейтеді", - деп атап көрсетті Тоқаев.