Елімізде ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі - кадр саясаты еді. Қанша жерден қатаң іріктеу жүргізіп, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттырып, тамыр-таныстық, туыстық байланыстарға тыйым салу салу мәселесі көтерілгенімен мемлекеттік қызметтің жоғары бөлігіндегі ескі дәстүрді бұзу еш мүмкін болмады. Бұл өз кезегінде халық пен биліктің арасына сына қағып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырғаны белгілі. Тіптен керек болса, әкімшілік-басқару құрылымдарын кландық топтар иеленіп алды деуге болады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Осыдан да болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттің туыстарына мемлекеттік қызмет мен квазимемлекеттік сектордағы жетекші лауазымдар атқаруға тыйым салу туралы ұсынысын қазақ қоғамы үлкен қуанышпен қабыл алды.
"Мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын", - деген еді Мемлекет басшысы өзінің соңғы жолдауында.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, президенттің туыстарын лауазымды қызметтер мен квазимемлекеттік секторларға жолатпау мәселесі заңға қайшы келетін дүние.
"Расы керек бұл заңға қайшы әрекет. Алайда дәл қазіргі таңдағы жасалып жатқан өзгерістердің негізгі өзегі - өткеннен сабақ алу, болған қателіктерді қайталамау. Соның басты дәлелі президенттің туыстарын лауазымды қызметке тағайындамау, квазимемлекеттік секторларға жолатпау мәселесі. Шындап келгенде бұл Конституцияның өзін шектеу болып есептеледі. Кез-келген тұлғаның қызмет етуге құқы бар. Оған шектеу қоя алмайсыз. Өз күшімен жетістікке жетіп, алдыңызда билікке жетіп отырса несі жаман?
Алайда біздің ескі сүрлеуіміз бар. Бұған дейін жүріп өткен жолымыз бар. Сол тарихи сүрлеуде әртүрлі көзқарастар, түсініктер қалыптасты. Қаңтар оқиғасына да осындай жағдайлар яғни туыстық, жемқорлық, маңайындағыларының барлығын қызметке қою секілді факторлар әсер еткенін айту керек. Қазіргі жасалып жатқан реформалардың барлығы осыған тікелей жауап. Тоқаев осы мақсатта жеке таңдау жасап осындай қадамдарға барып жатыр. Өз туысқандарына шектеу қоюдың артында жаңаша мәдениет қалыптастыру мақсаты жатқанын айту керек. Бұл әрине Ата заңда жазылмаса да мемлекеттік қызметке қатысты мәдениет болып қалыптасары сөзсіз», дейді Мәжіліс депутаты.
Президенттің туыстары демекші осыдан біраз бұрын Әділет министрі Қанат Мусин арнайы заң қабылданғаннан кейін Қазақстанның Болгариядағы елшісі Теміртай Ізбастиннің орнынан босатылатынын мәлімдеген еді.
Алайда Әділет министрі бұл жерде аздап қателескен секілді. Кейбір сарапшылар Теміртай Ізбастиннің Тоқаевтың «жақын туыстары» санатына кірмейтінін айтады. Мәжіліс депуттаты әрі саясаттанушы Ерлан Сайыровтың айтуынша, жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салу мәселесі тек президент сайланғаннан кейін жоғары лауазымға ие болған тұлғаларға ғана қатысты болуы керек.
«Бұл түзетулер жаңадан сайланған президенттерге ғана қатысты болуы керек. Егер президент сайлауына дейін туыстары белгілі бір қызметтерді атқарып, өз ісінің кәсіби маманы болып жақсы жағынан көрініп жатса, ойлану керек. Әрине, мемлекет тізгінін қолында ұстап отырған тұлғаның жақын туыстарының жоғары лауазымдарды иеленуіне жол бермеуіміз қажет. Бірақ қандай да бір саланың ел басшылығына тікелей қатысы болмаса және жеке мүдделері болмаса, туған-туыстары мемлекеттік қызметпен айналыса алады деп ойлаймын», - дейді Ерлан Сайыров.
Расын айту керек, соңғы кездері мемлекетімізді дамыту жолында батыл қадамдар жасалып жатыр деуге болады. Әрі осы қадамдарды іске асыру мақсатында Мемлекет басшысы өзіне тиесілі біраз құзыретті парламентке беру мәселесін көтеріп отыр. Сонымен қатар қоғам талабына байланысты, бірінші президентке қатысты да біраз нормалар күшін жойғалы отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл халық пен билікті компромиске жетелейтін алтын көпір.
"Кез-келген конституциялық өзгерістер ол компромистің өзегі ғой. Сол секілді менің ойымша, қоғамда болып жатқан тапсырыстар мен сұраныстар да жүргізіліп жатқан саясат пен болып жатқан жағдайларға сай ескеріліп жатқан секілді.
Нақты айтар болсақ, бірінші президентке қатысты нормалар күшін жойғалы отыр. "Тұңғыш президентке қатысты артықшылықтардың барлығы алынып тасталсын" деген бағыт бар. Қазіргі қолданыстағы құжатта "Алғашқы президент кезіндегі жүргізілген саясат" деген ұғымдар ғана болады. Яғни Назарбаевтың тарихи тұлға екені, үлкен жетістіктерге жеткені секілді ұғымдар. Сонымен қатар шекаралық, ішкі және сыртқы саяси байланыстар ғана. Яғни Конституцияда Назарбаевтың саяси тұлға ретінде ғана аты жазылады. Есесіне, нақты мүмкіндіктер мен привилегия берілген тұстары Ата заңнан алынып жатыр.
Бұл жерде тағы бір айта кетерлік дүние, бұл мәселелердің барлығы да Назарбаевтың субьектілігінен туындайтын қауіп қатерінен болып жатқан дүние емес. Оның барлығы да заман талабынан туындап отыр. Яғни мұны дұрыс қабылдау қажет. Қоғам да дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Әрине уақыт керек болатыны даусыз. Тарихи тұрғыдан уақыт пен дистанция керек. Кейбір тарихи тұлғаларға деген көзқарасты қалыптастыру керек. Тарихты эмоция тұрғысынан немесе кешегі Қаңтар оқиғасы тұрғысынан қарамау керек. Байыпты жолмен қарастыратын жолды сіңіруіміз керек секілді.
Алдағы бір уақыт ішінде бұл ұсыныстарды Конституциялық кеңес қарап, өз шешімін айтады. Содан кейін ғана Парламент секілді жауапты органдар өз жұмысына кірісе бастайды", - дейді Мәжіліс депутаты.