Қазақстан Президенті Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрі Петер Сийартоны қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында Қазақстан мен Мажарстанның саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық ынтымақтастығын дамытудың перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы мажарстандық дипломатқа ілтипат білдіріп, Премьер-министр Виктор Орбан жетекшілік ететін басқарушы «ФИДЕС» альянсын жуырда өткен парламенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
Петер Сийарто Мажарстан басшылығының Қазақстан Президентін Будапештке сапармен келуге шақырғанын еске салды. Петер Сийарто Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Жаңа Қазақстанды құру үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды Виктор Орбанның қолдайтынын жеткізді.
Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке тың серпін беру үшін Мемлекет басшысы Премьер-министр Виктор Орбанның шақыруы бойынша Мажарстанға қарымта сапармен баруға дайын екенін мәлімдеді.