Мәжіліс депутаттары конституциялық өзгерістер енгізуге арналған референдум кезінде бюллетеньде белгі қою тәртібін бекітті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Төменгі палатаның спикері Ерлан Қошановтың айтуынша, заң жобасындағы өзгерістер референдум кезінде дауыс беру тәртібін нақтылауды көздейді.
"Заң жобасы республикалық референдум туралы конституциялық заңның мазмұнын өзгертпейді. Түзетулер тек нақтылау сипатында ғана енгізіліп отыр. Қазір қолданыстағы заңда референдумға келген азамат қажет емес нұсқаны – "иә" немесе "жоқ"-ты сызып тастауы керек. Бұл адамды шатастырады. Сондықтан бұрынғы өзіміздің сайлаудағы тәжірибеміз – "иә" немесе "жоқ"-тың жанына белгі қою арқылы дауыс беру керек. Бүгін сондай түзету енгіздік. Осыны қоғамға дұрыс түсіндіруіміз керек", - деді Қошанов мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, түзету референдум кезінде шатаспауға мүмкіндік береді.
Депутаттар заң жобасын бірауыздан қолдап, сенаттың қарауына жолдады.