$ 449.58  486.94  4.86

Президент тапсырмаларын орындауға бюджеттен 1,8 трлн теңге бөлінеді

Республикалық бюджеттен Президент тапсырмаларын орындауға 1,8 трлн теңге, әлеуметтік шығыстар мен теңге бағамына – 173 млрд теңге, бағдарламалық құжаттар мен шұғыл міндеттемелерге – 476 млрд теңге қарастырылып отыр.

Республикалық бюджеттен Президент тапсырмаларын орындауға 1,8 трлн теңге, әлеуметтік шығыстар мен теңге бағамына – 173 млрд теңге, бағдарламалық құжаттар мен шұғыл міндеттемелерге – 476 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Сенатта Ұлттық қордан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұған дейін заң жобасын Парламент Мәжілісі мақұлдаған еді. «Биылға арналған республикалық бюджет параметрлері келесідей қалыптасты. Бюджет түсімдері 2,7 трлн теңгеге ұлғайып, 15,8 трлн теңгені құрайды. Тапшылық жалпы ішкі өнімге 3,3% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджет шығыстары 18,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,7 трлн теңге болады және бірнеше басым бағыттарға көзделген», - деді Қаржы министрі Сенат отырысында.

Оның айтуынша, ең алдымен, Президенттің тапсырмаларын іске асыруға 1,8 трлн теңге қарастырылған. Бұл - күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігі мен жарақтануын күшейтуге, өңірлер мен бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономиканы әртараптандыруға арналған шығыстар. «Екіншіден, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты 173 млрд теңге сомасында қосымша қаржы қарастырылды. Аталған қаражат есебінен әлеуметтік шығыстар индекстеледі және теңгенің долларға қатысты бағамының өзгеруіне байланысты шығындар қаржыландырылатын болады», - деді Е. Жамаубаев.

Үшінші, бағдарламалық құжаттардың іс-шараларын және шұғыл міндеттемелерді орындауға 476 млрд теңге бағытталады. «Бюджетті нақтылау нәтижесінде нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұны бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Яғни шығыстар өсімінің басым бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға көзделген. Бұл – 1,3 трлн теңге. Тиісінше, шығыстардың жалпы көлеміндегі осы бағыттың үлесі 5%-ға ұлғайды. Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыстар 3,4 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 18% мөлшерінде жоспарланып отыр. Осындай ынталандыру орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер етеді», - деп түсіндірді Қаржы министрі.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары